Вахш ГЭС-індегі ықтимал апат бірнеше елге қауіп төндіруі мүмкін: Орталық Азия елдері келіссөз жүргізді

АСТАНА. KAZINFORM -Душанбеде Орталық Азия елдерінің төтенше ведомстволары басшыларының Вахш ГЭС каскады нысандарындағы ықтимал төтенше жағдайларға дайындық мәселелеріне арналған кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Вахш ГЭС-індегі ықтимал апат
Фото: ҚР ТЖМ

Келіссөздерге Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов және Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстан төтенше ведомстволарының басшылары қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыбы гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі, құлақтандыру жүйелерін дамыту мен табиғи және техногендік қауіп-қатерлер туындаған кезде келісілген әрекет жасау шараларын әзірлеу мәселелері болды. Тараптар трансшекаралық қауіп- қатерлер туындаған кезде жедел ақпарат алмасу тетіктері мен шұғыл қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіру мәселелерін қарастырды.

Кездесу барысында Вахш ГЭС каскады нысандарындағы ықтимал төтенше жағдай Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан аумақтарына әсер етуі мүмкін екені атап өтілді. Осыған байланысты халықаралық өзара іс-қимыл және жедел әрекет етуге бірлескен дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан ықтимал төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысу үшін құтқару бөлімшелерін жіберуге дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, бірлескен оқу-жаттығулар өткізуге, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы практикалық өзара іс-қимылды дамытуға мүдделі екендерін білдірді.

Осыған дейін ТЖМ құтқарушылары сейсмикалық қауіптер бойынша халықаралық жаттығуға аттанғаны туралы жаздық.