Валютаның әлсіреуіне ықпал еткен факторлар: инфляция, сауда балансы мен импорт

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияның өсуіне әсер етіп отырған негізгі факторларды атады. 

Тимур Сүлейменов
Фото: Ұлттық банк

— Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша әлемдік экономика 2025 жылы 3,2 пайызға өседі. Қазақстанның негізгі сауда-серіктестері — Еуропа одағында экономика 1,2 пайызға, Қытайда — 4,8 пайызға және Ресейде 0,9 пайызға өсуі ықтимал. Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстанның экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 6,3 пайызға ұлғайды. Ең жоғары өсім көлік саласында, құрылыста, тау-кен өнеркәсібінде, саудада және өңдеу өнеркәсібінде байқалып отыр, — деді Тимур Сүлейменов Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, экономикалық өсім фискалдық және квазифискалдық ынталандыру және жоғары инвестициялық сұраныс негізінде қалыптасып келеді. Осының арқасында жалпы сұраныста айтарлықтай өсім байқалды. Отандық тауарлар мен қызметтердің ұсынысы сұраныстың өсуін қамтамасыз ете алмай жатыр. Бұл инфляциялық жағдай туғызады және импортқа сұранысты арттырады.

— Осылайша, қыркүйекте жалпы жылдық инфляция 12,9 пайыз болды. Азық-түлік тауарларының бағасы — 12,7 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар — 10,8 пайызға, ақылы қызметтер 15,3 пайызға артты. Айлық инфляция мен оның тұрақты бөлігі де жеделдеді. Атап айтқанда, баға қысымының күшеюі ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен қалыптасты. Ішкі факторларға — ішкі сұраныстың айтарлықтай артуы, белсенді тұтынушылық кредиттеу, коммуналдық қызметтерге тарифтердің және жанар-жағармай бағасының өсуі жатады.

Сыртқы факторларға — азық-түлікке әлемдік бағаның өсуі, көршілес Ресейдегі жоғары инфляция мен рубльдің нығаюы, сондай-ақ әлемдегі сауда шектеулерінен туындаған белгісіздік жатады. Осы факторлар аясында инфляция қаңтардағы 8,9 пайыздан қыркүйекте 12,9 пайызға дейін өсті, — деді ҰБ басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, инфляцияның жоғары деңгейі, сауда балансы профицитінің төмендеуі және импортқа сұраныстың артуы ұлттық валютаның әлсіреуіне де ықпал етті. Осыған байланысты, Ұлттық банк макроэкономикалық балансты қалпына келтіру және инфляцияны бақылаудан шығармау мақсатында 10 қазанда базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерді

Соңғы жаңалықтар