Варшавада оппозицияның мыңдаған адамы шеруге шықты

Варшаваның орталығында сайлауда жеңіске жеткен елдің еуропашыл жаңа премьер-министрі Дональд Тусктің саясатына наразы болған мыңдаған оппозиция жақтастарының наразылық шеруі өтті.  Kazinform агенттігі бұл туралы BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

шеру
Фото: GETTY

«Шерушілер, оның ішінде таяуда биліктен айырылған оңшыл «Заң және әділет» партиясының көптеген сайлаушылары Польша Сеймінің алдына жиналды.

PAP мемлекеттік ақпарат агенттігінің бағалауынша, шеруге 35 мыңға жуық адам қатысты, бірақ «Заң және әділет» партиясының өкілдері шерудегі олардың жақтастарының саны 200 мыңға жуықтады деп мәлімдейді.

Шерушілер бұрынғы екі министрдің қамауға алынуына және жаңа билік жүргізіп жатқан Польшаның қоғамдық телеарнасының реформасына наразылық білдірді.

Теледидар және сот реформасы

«Заң және әділет» партиясының депутаттары сөз сөйлеген шеруден кейін оған қатысушылар мемлекеттік телеарнаның штаб-пәтеріне қарай жүрді.

Олар билікке келе сала телекомпанияның басшылығын күштеп ауыстырған жаңа үкімет әрекеттеріне наразылығын осылайша білдірмек.

Еуроодақтың бұрынғы төрағасы Дональд Тускті оның Польша саясатына оралуынан кейін тоқтаусыз сынға алған TVP телеарнасы эфирден доғалып, оған қайта өзгертілген үлгіде оралды.

Билік бұл әрекетін БАҚ-тағы теңгерімді қалпына келтіру қажеттілігімен түсіндірді. Оның айтуынша, «Заң және Әділет» партиясы билік еткен 8 жылда БАҚ партиялық насихаттың рупорына айналды.

«Заң және Әділет» партиясы қарсыластарының айтуынша, бұрынғы үкімет сондай-ақ соттар тәуелсіздігін әлсіретіп, елдің заң жүйесін аласапыран етті. Бұл реформалар Еуроодақ тарапынан наразылық тудырып, блок Польшаға арналған көпмиллиардтық қорды «қатырып тастады».

Енді Туск үкіметі бұл реформаларды өзгертіп, Варшаваға қажетті ақшалай қаражатты алуға әрекеттеніп отыр.

ЕО және Тускқа қарсы шығу

«Заң және әділет» жақтастары бұл тек партиялық наразылық емес, ұлттық наразылық сияқты әсер қалдыруға тырысты және бұл әрекеті сәтті болды: акция кезінде ақ-қызыл поляк тулары басым болып, ал Заң мен Әділет рәміздері аз болды.

«Заң және әділет» жақтастарының наразылығы қазандағы сайлау нәтижелерінен кейін басталған. Шеру кезінде бұл сайлау бұрмаланды, жаңа парламент пен үкімет заңсыз болды деген ұрандар естілді.

Шерушілер сондай-ақ Польшаның қоғамдық телеарнасын реформалауға және екі бұрынғы министрдің қамауға алынуына қатысты наразылық білдіріп отыр.

Митингте Дональд Туск тікелей қорланды, шерушілер «оның жүзіндегі күлкіні өшіруге» уәде берді.

Демонстранттар сонымен қатар «Польшаны шетелден басқаруға жол бермейтіндерін» мәлімдеді.

Президент резиденциясында министрлерді қамауға алу

Акцияға қатысушылар сондай-ақ Польшаның бұрынғы екі министрінің билігін асыра пайдаланды деген айыппен қамауға алынғанына наразы.

Сейсенбіде полиция президент сарайына кіріп, 2007 жылы билікті асыра пайдаланды деген қылмысы үшін желтоқсанда сотталған бұрынғы ішкі істер министрі Мариуш Каминьский мен оның орынбасары Мацей Вонсикті қамауға алды.

Дүйсенбіде сот Каминский мен Вонсикті қамауға алу туралы ордер шығарды, бірақ соған қарамастан, «Заң және әділет» партиясының одақтасы, ел президенті Анджей Дуда оларды сейсенбі күні президенттің жаңа кеңесшілерін тағайындау рәсіміне өз сарайына шақырды.

Каминский мен Вонсик президент Дуда 2015 жылы бұл іс бойынша оларды кешіргенін негізге алып, соттың желтоқсан айында шығарған шешімін мойындаудан бас тартты.

Бейсенбі күні Дуда екі министрді тағы да кешіруге ниетті екенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар