Вашингтон операсының әртістері Трамп есімі берілген өнер орталығынан кетіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Кеннеди атындағы орындау өнері орталығының директорлар кеңесі өнер ордасына Дональд Трамптың атын беру туралы шешім шығарғаннан кейін көптеген өнерпаз бен музыканттар жоспарланған қойылымдарға шығудан бас тартты, деп хабарлайды NBC.
Басшылықтың әрекетіне жауап ретінде Вашингтон ұлттық операсы жүздеген қойылым өткізген Кеннеди-орталығынан кететінін жариялады.
«Қаржылық сақтық пен теңгерімді бюджет міндеттемелерін орындау мақсатында, Вашингтон ұлттық операсы көктемгі маусымды қысқартады және қойылымдарды жаңа орындарға ауыстырады. Бұл шешім опера труппасының әрі қарай дамуы үшін ең қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында қабылданды», делінген труппа мәлімдемесінде.
Келесі апталарда опера жаңа қойылым орындарын жариялайды.
Әртістер Кеннеди-орталығында 1971 жылдан бастап өнер көрсетіп келеді. Мәлімдемеде «бірлескен іс-әрекет ешқашан тұрақты деп қарастырылмаған» делінген.
Бұған дейін Дональд Трамп Truth Social платформасы арқылы директорлар кеңесінің мүшелерін, оның ішінде төрағаны да «өнер мен мәдениеттегі алтын дәуірді біздің көзқарасымызбен бөліспейтіндер» деп, қызметтен шығарғанын жариялаған.
Ақпан айында жаңа директорлар кеңесі Трампты төраға етіп сайлады. Ал өткен айда Джон Ф. Кеннеди атындағы орындау өнері орталығына Трамптың аты қосылып, мекеме «Трамп-Кеннеди орталығы» деп аталды.
Осыдан кейін Бела Флек, «Злая ведьма» мюзиклының композиторы Стивен Шварц сияқты музыканттар өз қойылымдарын орталықтан өткізуден бас тартты. Стивен Шварц бұл орталықта гала-концерттер өткізуді тоқтатқанын айтып, «оның қатысуы идеологиялық мәлімдемеге айналды» деді.
Кеннеди отбасы да атауды өзгертуге қарсы пікір білдірді. Өкілдер палатасының бұрынғы мүшесі Джозеф Кеннеди III әлеуметтік желіде:
«Кеннеди орталығы — бұл қайтыс болған президентке арналған тірі ескерткіш және федералдық заң бойынша ол Кеннеди есімімен аталған. Линкольн ескерткішінің атын өзгертуге болмайтыны сияқты дәл солай оның да атын өзгертуге болмайды», деп жазды.
Еске сала кетсек, жуырда Вашингтондағы Кеннеди орталығы Дональд Трамптың есімімен қайта аталатыны белгілі болған еді.