Вашингтонда Наурыз мейрамы тойланды
АСТАНА. 21 наурыз. ҚазАқпарат - Вашингтонда дүниежүзіне танымал АҚШ Конгресі Кітапханасының ғимаратында Наурыз мейрамына арналған мерекелік шара өтті.
Өткен бейсенбі, 17 наурызда өткен салтанатты шараға американдық беделді конгресшілер, АҚШ әкімшілігінің, дипломатиялық корпустың, ғылыми және іскер топтардың өкілдері, мәдениет қайраткерлері қатысты.
Шараны, құрамына осынау Ұлыстың Ұлы күнін атап өтетін елдердің елшілері кіретін «Наурыз Комиссиясы» мен американдық қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері ұйымдастырды.
Құрама Штаттарда Наурыз мейрамын тойлау жөніндегі қоғамдық ұйым құру туралы идея 2008 жылы Ақ үйде болған қабылдау кезінде туған еді. Осынау бастаманы қолдаған Қазақстан елшісі Ерлан Ыдрысов, АҚШ Эксимбанкінің вице-президенті Бежан Киян және танымал филатроп Н.Казэмини жоғарыда аталған Комиссия құрды. Оның міндеті - Наурыз мейрамын тұрақты тойлай отырып, Ұлыстың Ұлы күнінің маңызын американ қоғамына кеңінен таныстыру болып табылады.
«Наурыз Комиссиясын» құрушылардың бірі ретінде сөз сөйлеген елші Е.Ыдырысов, жиналған қауымды осынау тамаша мерекемен құттықтады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың американ басшысы Барак Обамаға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Наурыз мейрамын тойлау 18 наурызда Қазақстан елшілігінің қабырғасында да жалғасты. АҚШ-тың беделді «Asia Society» мәдени-ағартушылық ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған бұл шараны өз сөзімен ашқан Қазақстан елшісі, қонақтарды Наурыз мейрамының тарихымен, маңызымен, «Шығыс жаңа жылын» тойлаудың салт-дәстүрлерімен таныстырды және жиналған қауымға сәттілік және бейбітшілік тіледі.