Ватикан тұңғыш рет «Оскар» жүлдесіне үміткер болмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Ватикан 97 жылдық тарихы бар «Оскар» сыйлығына тұңғыш рет фильм ұсынбақ. Бұл туралы Kazinform агенттігі Variety басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ватиканның қолдауымен түсірілген «Жасыл лава» (Green Lava) деректі фильмі осы аптада Лос-Анджелесте көрерменге жол тартады. Туынды «Үздік қысқаметражды деректі фильм» номинациясы бойынша «Оскарға» ұсынылуға дайындалып жатыр.
Фильм Дюшенн бұлшықет дистрофиясына шалдыққан италиялық жас жігіт Джакомо Маттивидің өмірін суреттейді.
— Джакомо қоғамның қалыптасқан түсінігіне қарамастан, өзіне қойған шектеулерге қарсы тұрады. Ол ортасынан және табиғаттан күш алады, — делінген фильм сипаттамасында.
Доломит тауларының әсем табиғатында түсірілген 39 минуттық фильм жарнамалық материалдарда «қайсар ниет, адам рухы мен сенімді тірек» деп сипатталады.
Фильм «Оскарға» ұсынылса, Ватикан түсірген туынды тарихта алғаш рет осы жүлдеге үміткер болады. Алайда «Жасыл лава» (Green Lava) жүлдеде Ватиканның жеке атынан түспейді. Себебі қысқаметражды фильмдер санатына ел үкіметі немесе арнайы комитеттің ресми өтінімі мен мақұлдауы талап етілмейді.
Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қолдаумен жарық көрген фильмдерден 351 млн теңге кіріс түскені хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина