Вегетация кезеңінде «Қазсушар» филиалдары 524 жаңа техника алды

АСТАНА. KAZINFORM — Вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін «Қазсушар» филиалдарына 524 жаңа арнайы техника тапсырылды, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

ауыл шаруашылығы техникасы
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміз бойынша «Қазсушар» РМК филиалдарын жаңа арнайы техникалармен қамту жұмысын жалғастырып жатыр. Бүгінге дейін кәсіпорын филиалдары 524 автокөлік пен құрал-жабдық алды.

Жаңа техникалар суару каналдарын механикалық тазалауға және гидротехникалық құрылыстарды жөндеуге пайдаланыла бастады. Жалпы алғанда «Қазсушар» филиалдарына барлығы 757 автокөлік мен құрал-жабдық беру жоспарланып отыр.

Министрлік ұсынған техникалар қатарында экскаваторлар, тиегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тракторлар, тіркемелер, самосвалдар, тартқыш көліктер, автокрандар, жанармай тасымалдағыштар, қосалқы құрал-жабдықтар мен дизельді генераторлар бар.

— Жаңа техникалар вегетация кезеңінің тұрақты өтуіне жағдай жасау үшін, соның ішінде каналдардың өткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында оларды тазалау жұмыстарына қолданылып жатыр. Қазір «Қазсушар» филиалдары жалпы ұзындығы 2 011 шақырым суару каналдарында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр, оның 780 шақырымында жұмыстар аяқталды, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Бұдан бұрын Су ресурстары министрлігі суды ортақ пайдаланудың ережелерін бекітті.

Соңғы жаңалықтар