Венецияда «Қазақ даласының ырғағы» атты көрме ашылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Венециядағы Палаццо Дона Дель Розеде Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің «Қазақ даласының ырғағы» көрмесі салтанатты түрде ашылды. Бұл туралы аталған музейдің баспасөз қызметі хабарлайды.
Көрме «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында ұйымдастырылды және Венецияға көптеген кураторлар мен өнер сүйер қауым келетін атақты Венеция биенналесі кезінде өтеді.
Палаццо Дона Дель Розе ( Palazzo Dona Delle Rose) - Венецияның жүрегіндегі тарихи әрі символдық орын, дипломат (Константинопольдегі елші), губернатор, прокурор және 1610 жылғы Венецияның 90-шы дожы Леонардо Дона негізін қалаған сарай. Содан бері атадан қалған палаццоға сол отбасы иелік етеді, көркемдік қор көптеген жылдар бойы Венеция биенналесінде көрме өткізеді.
Ә. Қастеев атындағы өнер музейі қорынан «Қазақ даласының ырғақтары» экспозициясы ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Евгений Сидоркин, Салихитдин Айтбаев, Альберт Гурьев, Исатай Исабаев, Қадырбек Каметов, Мақым Қисамединов және Борис Пак сияқты көрнекті қазақстандық суретшілердің 20 графикалық туындыларын ұсынады. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап, Қазақстан графикасында жанрларды, техниканы кеңейту, материалдармен жұмыс істеу және жаңадан пайдаланылмаған мәнерлеу құралдарын іздеу кезінде көркемдік тәсілдердің одан әрі зерттелуі белсенді болды.

Қазақстан графикасының классигі Евгений Сидоркиннің «Қазақтың ұлттық ойындары» топтамасынан (1963) алынған «Көкпар», «Қыз қуу» және «Бәйге» литография-жауһарларының пластикалық тілі суретші алғашқылардың бірі болып жүгінген сақ аң стилінің элементтерін, бейнелі стилистикасын береді. Бұл жалынды көшпелілердің түп негізін, жай оғындай жылдамдығын, бәсекелестікке деген құмарлығын, күрестегі өткірлігін көрсететін жатық сызықтар, ритмика, кеңістікті ұйымдастыру және керемет композициялық шешімдер.
«Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі - «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған. Жалпы, «аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады»,- деп атайды Президент Н. Назарабаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында.
«Сәкен Сейфуллинді оқығанда» (1964) топтамасынан алынған Сидоркиннің ең терең ойлы «Бесік жыры» литографиясында - ана мен бала мүсіні қолдан салынған суретке ұқсайтын сопақ пішін қалыптастырады. Пастельмен салынған графикаға ұқсас анық емес сызықтар, ерекше пластика оған көлемділік пен жұмсақтық береді. Мұнда әрбір сызық пен қимылдың ерекше мағынасы бар. Бұл ананың жабыңқы көздерінде тыныштық, еңкейген әйелдің үйлесімі, нәзік күлкісі мен сәбиді мәпелеп құшағына алуы. Бұл туындыда, Леонардоның және Рафаэльдің Мадонналарындағыдай, ананың шексіз нәзіктігі мен сүйіспеншілігі бар. «Алпамыс батыр» (1976) жырына арналған «Батырдың тууы» топтамасында қорқынышты батырларды даңқтайтын эпостық ертегілердің еркін рухы сирек поэтикалық күшпен қайта құрылады.
Қазақ батырлық жырының тақырыбы Альберт Гурьевтің «Қазақ жырау-батырларының жырлары» (1970) топтамасынан «Батырдың жебесі», Исатай Исабаевтың «Қазақ эпосы» (1987) топтамасынан «Жекпе-жек» және басқа да офорттарында көрініс тапқан. Салихитдин Айтбаевтың «Қазақ жырлары» (1980-1981) топтамасынан «Айтыс» және «Жылқышы» офорттары мен акватинталары қазақ халқының өзіндік және бірегей әлемін жарқын көрсетеді. Мақым Қисамединовтің «Махамбет» линогравюрасы рухани жігер мен физикалық күшті байланыстыратын азаттық қозғалыстың көшбасшысы Махамбеттің бейнесіне арналған. Борис Пактің «Бақыт» және «Жаңғырық» линогравюралары адами бақыт пен туған жердің сұлулығын береді.
«Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі әлемнің ірі мәдени орталықтарының шетелдік көрермендеріне өзінің бірегей коллекциясының бөлімдерін, Қазақстанның бірегей бейнелеу өнерін алғаш рет ұсынып отырған жоқ», - дейді музей директоры Гүлмира Шалабаева.