Венесуэла оппозициясы АҚШ-тың араласуымен еркін сайлау өткізуге шақырды

АСТАНА.KAZINFORM - Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадо ел билігін АҚШ-тың араласуымен келіссөз бастауға және еркін президент сайлауын өткізуге шақырды, деп хабарлайды Анадолы.

Венесуэла оппозициясының жетекшісі қамауға алынғаннан кейін босатылды
Фото: instagram/@mariacorinamachado

X әлеуметтік медиа платформасында жарияланған мәлімдемеде халықаралық байқаушылардың қатысуымен «еркін, ашық және егеменді» сайлау өткізуге шақырылады.

Венесуэла оппозициясы сонымен қатар Ұлттық сайлау кеңесін (ҰСК) таратуды және елдегі сенімді қалпына келтіру және саяси жағдайды қалыпқа келтіру шараларын талап етті.

Негізгі талаптарға бейбіт тұрғындар мен әскери қызметшілерді қоса алғанда, барлық саяси тұтқындарды босату және жер аударылған венесуэлалықтардың қауіпсіз оралуына кепілдік беру кіреді.

Мария Корина Мачадо Венесуэлаға азаматтық қоғам, партиялар, кәсіподақтар, университеттер, шіркеулер және жастар ұйымдары қатысатын кең саяси диалог қажет екенін мәлімдеді. Оппозиция сонымен қатар АҚШ ұсынған тұрақтандыру, экономикалық қалпына келтіру және саяси өтпелі кезеңді қамтитын үш кезеңді жоспарды қолдады.

Мачадо бұған дейін әділ және еркін сайлау өткізілсе, Венесуэла президенттігіне үміткер болуға дайын екенін мәлімдеген.

Осыған дейін Венесуэланың бұрынғы президентіне қатысты сот процесі екі жылға созылуы мүмкін екені туралы жаздық.