Венгрияда «Қазақстан XXI ғасырда» атты конференция аясында Қазақстан-венгр ынтымақтастығын кеңейту перспективалары талқыланды
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат - Венгрияның Лакителек қаласында өткен «Қазақстан XXI ғасырда» атты конференция аясында Қазақстан Республикасының Венгриядағы елшісі Рашид Ыбыраев Венгрия Парламенті төрағасының орынбасары Шандор Лежакпен кездесу өткізді. Кездесу барысында қазақстан-венгр ынтымақтастығын кеңейту перспективалары талқыланды,
деп хабарлады Қазақстанның Венгриядағы елшілігінің баспасөз қызметі.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылғы қарашада Будапештке жасаған мемлекеттік сапары айтарлықтай серпін берген екі ел арасындағы екіжақты қатынастарды дамыту мен нығайтудағы өзара мүдделілік атап айтылды.
Венгрия Парламенті төрағасының орынбасары екі халықтың тарихи туыстық байланыстарына негізделген біздердің мемлекеттеріміз арасындағы дәстүрлі достық сипаттағы қатынастарды атай отырып, қазақстандық бастамаларға қолдау көрсетуге даяр екендігін мәлімдеді. Ол ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған сыртқы саясаты бағытының тиімділігін мойындау болып табылатынын атады. Ш.Лежак ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығына табыстар тіледі.