Ветеринария саласын отандық вакцинамен қамтамасыз ету деңгейі қандай
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылмен салыстырғанда мал аурулары ошақтары 51 пайызға төмендеген. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлім етті.
— Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымы жануарлардың 90-нан астам тізімдік аса қауіпті ауруларын анықтады, оның ішінде ел аумағында 23 ауруға қатысты вакцина егіліп жатыр. Жалпы, еліміз бойынша 2024 жылмен салыстырғанда мал аурулары ошақтары 51 пайызға төмендеген. Министрлік бруцеллез, ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасы, аусыл және басқа да аурулармен күрес стратегиясын жетілдіру бойынша Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымы, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық сарапшыларының қатысуымен жұмыс тобын құрды. Оның қорытындысы бойынша сарапшылардың ұсынымдарын ескере отырып, күрес шаралары қайта қаралатын болады, — деді А. Бердалин Сенатта ветеринариялық қызмет тақырыбын талқылауға арналған Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, 2024 жылдан бастап Қазақстанда ветеринария саласын отандық вакциналармен қамтамасыз ету бойынша шаралар іске асырылып жатыр.
— Сатып алу үлесі 34 пайыздан 78 пайызға дейін ұлғайды. Жалпы, 22 вакцина сатып алынады, оның 18-і отандық және 4-і импорттан. Бұл шара вакциналарды жедел және уақтылы сатып алуға оң әсер етеді. Импортты одан әрі алмастыру үшін отандық диагностикалық тест-жүйелердің өндірісін кеңейту қажет. Бұл бағыттағы жұмыс Қазбиофарм Ұлттық холдингімен жүргізіліп жатыр, — деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ел аумағында 9,1 млн бас ірі қара мал тіркелді.