Вьетнам 2030 жылға қарай елге 50 млн шетелдік турист тартуды көздеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Вьетнам 2030 жылға қарай 45–50 млн шетелдік турист қабылдап, туризмнен 80–90 млрд доллар кіріс алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Вьетнам ақпарат агенттігі (VNA) хабарлады.

Вьетнам, туризм
Фото: VNA

Үкіметтің туризмді экономиканың негізгі драйверіне айналдыруға бағытталған бағдарламасында салаға басымдық тек туристер санын арттыруға емес, қызмет сапасын, тиімділікті, тұрақтылықты және қосылған құнды ұлғайтуға беріледі.

2030 жылға қарай туризмнің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесін 10–12 пайызға жеткізу көзделген. Сонымен қатар Вьетнам Оңтүстік-Шығыс Азиядағы туризм көлемі мен өсім қарқыны бойынша үздік үш елдің қатарына кіруді мақсат етіп отыр.

Үкімет көп шығын жұмсайтын туристерді тартуға және олардың елде ұзақ уақыт болуына басымдық береді. Осы мақсатта мәдени туризм, ірі туристік-сауықтыру кешендері, теңіз және арал туризмі, өзен және жағалау бағыттары, медициналық және сауықтыру туризмі, сондай-ақ гастрономиялық туризм дамытылады.

2026–2035 жылдарға арналған Ұлттық туризмді ілгерілету бағдарламасы туризмді мәдени дипломатиямен, ұлттық тағамдармен, кино, өнер, спорт, фестивальдер және халықаралық іс-шаралармен байланыстыра отырып насихаттауды көздейді. Сондай-ақ Вьетнам шетелдік нарықтарда цифрлық платформалар мен жаңа медианы белсенді пайдаланбақ.

2035 жылға дейін ұлттық туристік брендті дамыту бастамасы Вьетнамды тарихи мұрасы, ұлттық тағамдары, жағажайлары, мәдениеті мен өмір салты арқылы танымал, қауіпсіз әрі сапалы туристік бағыт ретінде танытуды көздейді.

Бұдан бөлек, елде цифрландыру, жасыл туризм және ғылым мен технологияларды енгізу арқылы туризмді басқару жүйесі жаңғыртылады. Вьетнам «ақылды» туристік бағыттарды дамыту, экологиялық таза көлік пен энергияны пайдалану және айналым экономикасы қағидаларын енгізу жоспарларын жүзеге асырмақ.

Еске сала кетсек, биыл шетелдік бағыттар арасында Вьетнам, Мысыр, Тайланд, Түркия, Қытай және Мальдив аралдары сұранысқа ие болып отырғанын жаздық.

Ал СІМ қазақстандық туристерге Вьетнамда жаңа онлайн тіркеу жүйесі пайда болғанын ескертті.

Сондай-ақ Вьетнамға кірудің жаңа ережелерін мына жерден біле аласыз.