Вьетнамда білім алу үшін 3 білім гранты бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM — «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Республикасының Үкіметі арасындағы Келісім шеңберінде Вьетнам Социалистік Республикасының жоғары оқу орындарында бакалавриат бағдарламалары бойынша 2026-2027 оқу жылдарына оқуға құжаттар қабылдауды жариялайды. 

Вьетнамда білім алу үшін 3 білім гранты бөлінді
Фото: «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ

Қазақстан азаматтарына «бакалавриат» білім беру бағдарламасы бойынша 3 грант бөлінді.

Оқу тілі – вьетнам тілі.

Вьетнам тілін меңгермеген үміткерлер Вьетнам жоғары оқу орындарында бір жылдық тілдік курсынан өте алады.

Конкурсқа қатысу үшін сауалнаманың аппликациялық нысанын толтыру қажет. Толтыру кезінде тізімнен ЖОО таңдау керек. Мамандықтар тізімімен таңдалған университеттің сайтында танысуға болады.

Грант келесі шығындарды қамтиды:

  • тегін оқу;
  • жатақханада тұру;
  • шәкіртақы.

Құжаттарды 2026 жылғы 15 мамырдан бастап 2026 жылғы 12 маусымды қоса алғанда «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да қолма-қол тапсыруға болады.

Шетелде оқуға үміткерлерді іріктеу келесі турлар арқылы жүзеге асырылады:

  1. Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен үміткерлердің дербес әңгімелесуін онлайн режимде өткізу.
  2. Үміткерлердің материалдарын қарау және Қорытынды комиссияның шешім шығаруы.

Үміткерлерді іріктеу үшін негізгі өлшемшарттар:

  1. балдық жүйе бойынша шет тілін білу деңгейі;
  2. білім туралы құжаттың балдық жүйе бойынша орташа балы;
  3. Тәуелсіз сараптамалық комиссияның бағасы.

Қағидалардың 17-тармағына сәйкес, халықаралық шарттар/келісімдер шеңберінде шетелде оқуға үміткерлерді іріктеу кезінде балл тең болған жағдайда мына төмендегілер баллмен басымдыққа ие болады (келесі ретпен):

  1. жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  2. «Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ 175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген № 072/у нысаны бойынша медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін) ұсынған, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті шетелдік білім беру ұйымдарында оқуға болатын бала кезінен мүгедектер және мүгедек балалар;
  3. көп балалы отбасынан шыққан балалар;
  4. ауылдық елді мекеннен шыққан, соңғы 2 (екі) жылда ауылдық елді мекенде тұратын үміткерлер;
  5. шетелдік жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шақыруы бар үміткерлер, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарында білім алушылар.

Іріктеу қорытындысы бойынша ұсынылған үміткерлердің тізімі қабылдаушы тарапқа жіберіледі. Соңғы шешімді қабылдаушы тарап қабылдайды.

Құжат тапсыру бойынша толық ақпаратпен жадынамадан танысуға болады. 21-тармақтың 4) тармақшасына сәйкес конкурс жеңімпазының шетелде академиялық оқуды аяқтағаннан кейін міндетті түрде Қазақстан Республикасына қайта оралуы және (бір) жыл мерзіммен үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыруы көзделген.

Айта кетелік туризм саласы бойынша халықаралық грантқа өтінім қабылдау басталған еді.