Туризм саласы бойынша халықаралық грантқа өтінім қабылдау басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан азаматтары үшін Bachelor of Science in International Sustainable Tourism оқу бағдарламасына қатысатын үміткерді іріктеу басталды. Бағдарлама 2026–2028 жылдарға арналған және Швейцариядағы Lucerne University of Applied Sciences and Arts университетінде жүзеге асырылады. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мәлімдеді.

Болашақ
Фото: Kazinform

Бағдарлама Дүниежүзілік туристік ұйымның (UN Tourism) қолдауымен, сондай-ақ Lucerne University of Applied Sciences and Arts (HSLU, Люцерн, Швейцария) және Халықаралық туризм академиясының (International Tourism Academy) серіктестігімен, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен «Астана-20» мемлекеттік қорының қолдауымен өткізіледі.

Конкурс жеңімпазына оқу гранттары беріледі, сондай-ақ тұру және әуе билеті шығындары ішінара өтеледі:

  • 1-жыл — Мадридте (Испания) оқу ақысы толық төленеді (тұру шығындары қарастырылмаған);
  • 2-жыл — онлайн форматында оқу және тағылымдамадан өту, оқу ақысы толық төленеді;
  • 3-жыл — Люцернде (Швейцария) оқу ақысы толық төленеді, сондай-ақ тұру шығындары (12 114 еуро) және әуе билеті (300 еуро) өтеледі.

Бағдарламаны аяқтағаннан кейін түлек Қазақстанға оралып, туризм саласында кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті.

Үміткерлерге қойылатын талаптар:

— жалпы орта, техникалық немесе кәсіптік білім;

— ағылшын тілін кемінде C1 деңгейінде білу (IELTS, TOEFL немесе баламалы сертификат);

— уәждемелік хат;

— Қазақстан Республикасының азаматтығы.

Қажетті құжаттар тізімі:

— білім туралы құжаттың қосымшасымен көшірмесі;

— ағылшын тілі деңгейін растайтын сертификат;

— уәждемелік хат;

— түйіндеме (CV);

— жеке куәлік немесе паспорт көшірмесі.

Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды 2026 жылғы 20 мамырға дейін bakytova17leila@gmail.com электрондық поштасына жіберу қажет.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Болашақ» бағдарламасының шәкіртақысы 10-15 пайызға артуы мүмкін екенін жаздық.