Вьетнамда су тасқыны мен тайфуннан зардап шеккендерге жеңілдетілген несие беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнам Премьер-министрі соңғы сел мен тайфундардан зардап шеккен халыққа несие қолдауын көрсетуді тапсырды, деп жазады Синьхуа.
Вьетнам Премьер-министрі Фам Минь Чинь сәрсенбі күні елдің Ұлттық банкіне соңғы селдер мен тайфундардан кейін халық пен бизнесті қолдау үшін жеңілдетілген несиелер беру мәселесін қарастыруды тапсырды. Бұл туралы «Вьетнам дауысы» радиосы хабарлады.
Сәрсенбі күні жарияланған үндеуінде үкімет басшысы орталық және оңтүстік аймақтардағы зардап шеккен провинциялар мен қалалар билігін «Фэншэнь» және «Калмаэги» тайфундары салдарынан болған шығындар туралы есеп беруге шақырды.
Премьер-министр жергілікті биліктен тұрғындарға үйлерін қалпына келтіруде күш жұмсауды талап етті.
Фам Минь Чиньнің сөзінше, жұмыстар 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс, сонда халық жаңа жылды жаңа үйлерінде қарсы ала алады деп мәлімдеді.
Премьер-министр сондай-ақ негізгі инфрақұрылымды, әсіресе мектептерді, медициналық пункттер мен ауруханаларды бірден қалпына келтіруді тапсырды, бұл білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Осыған дейін хабарланғандай, Филиппиндегі жүзден аса адамның өмірін жалмаған «Калмаэги» тайфуны Вьетнамның орталық аймақтарына қарай жылжып келеді.
Вьетнамның вице-премьері Тран Хонг Ха «Калмаэги» тайфунын «өте аномалды күшке ие» деп сипаттап, жергілікті билікті тез әрекет етуге шақырды.
«Калмаэги» биылғы жылдың ең қуатты тайфундарының бірі. Вьетнамда соңғы аптада рекордтық жауын-шашын мен су тасқыны болғаны белгілі. Табиғи апаттан адам өлімі тіркелді.