Вьетнамдағы «Матмо» тайфуны 330 млн доллардан астам шығын келтірді
АСТАНА. KAZINFORM — Сейсенбі күні таңертеңгі жағдай бойынша «Матмо» тайфуны салдарынан болған қатты су тасқынынан кейін солтүстік провинцияларда 3 188 үй су астында қалды, деп хабарлайды VNA.
Сондай-ақ бөгет жүйесіне біршама зиян келтірілді, 83 оқиға тіркелген.
«Матмо» тайфуны кесірінен электр қуаты мен телекоммуникация зардап шеккен. 550 мыңнан астам үй шаруашылығы жарықсыз қалды, дегенмен кейінірек көптеген үйде электр қуаты қалпына келтірілді.
Елдің ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, «Матмодан» келген шығын 8,72 трлн-нан астам донгқа (331 млн АҚШ доллары) бағаланып отыр.
Солтүстіктегі Тхайнгуен провинциясы ең үлкен экономикалық шығынға ұшырады.
Нөсер жауыннан кейін болған «Матмо» тайфуны қазан айының басында Вьетнамда жаппай су тасқынына себеп болды.
Вьетнамда «Матмо» тайфуны тудырған нөсер жаңбыр мен су тасқыны салдарынан 8 адам қаза тауып, 5 адам жарақат алғанын хабарлаған болатынбыз.
Бұған дейін Вьетнамда биыл 10-шы рет соққан «Буалой» дауылы салдарынан 49 адам қаза тауып, 16 адам із-түзсіз жоғалып кеткенін жазған едік.