Вейп пен кальянға тыйым салу көлеңкелі нарықтың өсуіне алып келді — ҰКП өкілі

АСТАНА. KAZINFORM — «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Еркен Наурызбеков елімізде вейп сатуға және кальян тартуға тыйым салудың салдары туралы айтты.

Кальян
Фото: freepik.com

Оның айтуынша, тыйым салу шарасы кері әсер етеді және жағдайды ушықтыра түседі.

— Вейп сатуға тыйым салынды, бірақ тұтынуға тыйым салынбаған, сондықтан нарықта әлі де бар, яғни тыйым үстіне тыйым болып тұр. Алдымен кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салынды, кейін ересектерге де сатуға тыйым салу туралы шешім қабылданды. Десе де Денсаулық кодексінің 110-бабы бойынша балаларға ғана тыйым салынған. Территориясы ауқымды елімізге тыйым салынған тауарлардың ағынын толық бақылау мүмкін еместігін басында-ақ ескерткен едік. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға жүктеме артып, заңсыз нарық дамуын жалғасуда, — деді Еркен Наурызбеков елордада «Темекі және никотин өнімдерінің контрабандасы және контрафактісі: ЕАЭО экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігіне қатер» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында.

\\ажц\эжау
Фото: Kazinform

Сондай-ақ ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі қоғамдық тамақтану орындарында кальян шегуге тыйым салу мәселесіне тоқталды.

— Денсаулық кодексінде мейрамхана, дәмхана және лаундж-барда кальян тартуға тыйым салынған. Бірақ үй жағдайында пайдалануға болады және кальян қоспаларын әкелу шектеу жоқ. Қоғамдық тамақтану орындарында кальянға тыйым салудың нәтижесінде бұл бизнестің бір бөлігі көлеңкеге кетті, қалғаны толығымен жабылды. Бұл шамадан тыс реттеудің кері әсер ететінін тағы да растайды, — деді ол.

Бизнесті қорғаушының мәлімдеуінше, тыйым нарықта тең емес жағдайды туғызады.

— Заңды сақтап, өнімді таңбалаған, акциз төлеген және жас шектеуін бақылауда ұстап кәсіп еткен компаниялар жабылуға мәжбүр болды. Ал талаптарға бағынбайтын заңсыз бизнес жұмысын жалғастырып жатыр. Олардың нарықта бәсекелестері жоқ, ал бұл алаңдатарлық жағдай. Біз саланы бақылауды жоғалттық, — деп түсіндірді Е. Наурызбеков.

Бүгінде тыйым салудан зардап шеккен кәсіпкерлер ұлттық палатадан көмек сұрауды жалғастыруда.

— Көптеген кәсіпкер мәселені реттеудің балама тәсілдерін ұсынды. Мысалы, қоғамдық тамақтану орнында (дәмхана, мейрамхана, лаундж-бар) кальян тартуға жеке бөлме қарастыру, бөлмеге желдету жүйесін қосу және санитарлық талаптарды қатаң сақтау секілді. Адамдар бәрібір амалын тауып, заңсыз арналардан алып тұтынып жатыр. Шығынды азайту үшін тепе-теңдікті сақтауымыз керек, — деп қорытындылады Атамекен өкілі.

Айта кетейік, биыл наурызда елімізде кальянға айыппұл сомасы өсетін болды. 

Сонымен қатар полиция қоғамдық орындарда кальян шеккендерді жазаға тартып жатқаны туралы хабарлаған едік. 

Бұған дейін еліміз темекі контрабандасы салдарынан жыл сайын 32 млрд теңге жоғалтатыны айтылды. 

Соңғы жаңалықтар