Вице-министр «Техникалық реттеу туралы» заңның жаңа редакциясын түсіндіріп берді

Аталған құжат биыл тамыз айында қабылданған болатын. Оған сәйкес, өнім өндіруші кәсіпорындарға жеке стандарттарды әзірлеп, ол бойынша тауар шығаруға рұқсат етілген. Бірақ оның барлығы мемлекеттің техникалық реттеу талаптарына сай болуы шарт. «Осылайша, біз отандық өнімнің сапасын көтеріп, оның бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыруды көздеп отырмыз. Заңда стандарттың үш түрі көрсетілген. Ол - үкіметтік емес стандарт, консорциум стандарты және алдын ала ұлттық стандарт. Осы жұмыстың түпкі мақсаты - 2014 жылы 1 тамызға дейін барлық кәсіпорындардың ішкі стандарттарын алдын ала ұлттық стандартқа көшіру. Оған 2 жыл уақыт беріліп отыр. Осының нәтижесінде Кедендік одақ аясындағы қазақстандық өнімнің сапасы арттады. Мемлекет те бұл жұмыстан тыс қалып отырған жоқ. Ол өз кезегінде қазіргі бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге тиісті қолдау шараларын ұсынуға даяр», - дейді Қ.Тілеушин.
Жалпы, жаңа заңның аясында кәсіпорындардың ішкі стандарттарын, ең бірінші, алдын ала ұлттық деңгейге, ал одан кейін ұлттық және мемлекетаралық дәрежеге дейін көтеру көзделіп отыр. Осының арқасында қазақстандық өнімнің сапасын барынша арттыру жоспарланған. Ол үшін екі жылдың ішінде 2 мыңға жуық стандартты алдын ала ұлттық санатқа көшіру керек.