Вирустық гепатитпен инфекцияланғандар саны әлемде 2-3 есеге артады деген болжам бар
АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - Вирустық гепатитпен инфекцияланғандар саны әлемде 2-3 есеге артады деп күтілуде.
Бұл туралы бүгін Астанада халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтіп жатқан Қазақстан гепатологтарының бірінші съезі аясындағы баспасөз мәслихатында Армения Республикасының бас гепатологы Асмик Казинян мәлім етті.
«Вирустық гепатит барша әлемде өте үлкен проблема. Себебі, дүниежүзінде вирустық гепатитпен инфекцияланған 600 млн. адам бар. Оның ішінде 400 миллионы «В» және 200 миллионы «С» гепатитімен. Инфекцияланғандардың саны 2-3 есеге артады, сондай-ақ бұл инфекциядан өлім-жітім де осындай көлемде өседі деп болжануда», -деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, вирустық гепатит барша әлемде қадағалаусыз түрде қалды. Мәселен, АҚТҚ және ЖҚТБ дерттері ұдайы бақылауда болып, зерделенуде. «ЖҚТБ-дан өлім-жітімі вирустық гепатит ауруларынан көз жұмғандарға қарағанда 10 есе төмен. Сондықтан барша жерде вирустық гепатитті емдейтін мамандар үлкен сұранысқа ие болып отыр. Себебі, вирустық гепатиттер жаһандық проблема, әсіресе азиялық мемлекеттерде. Аурулардың 75 пайызы азиялық елдерге тиесілі. Бұл әлемдік статистика және шынымен де бұған саланың мамандары мен елеулі қадағалауды қажеттілік етеді»,-деді армениялық маман.
Осы орайда барша әлемде бұл індетке қарсы дабыл қағып отырғандығын, сондай-ақ оны қадағалау шаралары күшейтілгенін атап өтті.
«Вирустық гепатит ол жай ғана сөз емес, атап айтқанда, оған уақытында диагноз қою талап етіледі»,-деп түйіндеді ол.