Вице-президентке қандай қызмет жүктеледі
АСТАНА. KAZINFORM – Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев вице-президентке қандай қызмет жүктелетінін айтты.
Оның айтуынша, вице-президент өкілді органның депутаты болуға, басқа да ақылы лауазымдарды атқаруға, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға және саяси партиялардың мүшесі болуға құқылы емес. Вице-президент үшін белгіленген шектеулер, оның ішінде партияға мүше болмауы, депутаттық мандатқа және басқа ақылы қызметтерге тыйым салу елдің Аат заңымен бекітілген талаптарға ұқсас.
— Мұндай талаптар аталған лауазымның саясиландырылмаған және кәсіби сипатта болуына ықпал етеді, — деді министр.
Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдің сыртқы өкілдігін қамтамасыз етуге, негізгі мемлекеттік институттармен өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ азаматтық қоғаммен, ғылыми, мәдени және сараптамалық қауымдастықтармен диалогты дамытуға міндетті. Бұл өкілеттіктер негізгі сипатта болып, қажет болған жағдайда Президент тарапынан нақтылануы мүмкін.
Егер вице-президент Президенттік өкілеттіктерді өзіне қабылдай алмаса, онда ол Құрылтай төрағасына, ал соңғысы да мүмкін болмаса, Премьер-Министрге өтеді.
— Президенттік өкілеттіктерді қабылдаған тұлға сәйкесінше вице-президент, Құрылтай төрағасы, Премьер-министр лауазымдарынан босатылады. Бұл жағдайда бос мемлекеттік лауазымдар Конституцияда көзделген тәртіппен алмастырылады. Қоғам үшін бұл сыртқы немесе ішкі жағдайларға қарамастан тұрақтылықты және мемлекеттің заңды және жүйелі түрде әрекет ететіндігіне толық сенімділікті білдіреді, — деп атап өтті ол.
Бұған дейін ол Президентке қандай лауазым иелерін тағайындау құқығы берілетінін айтқан еді.