Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Владимир Чебурин «Атырау» бас бапкері қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық маман Владимир Чебурин екі жақты келісім бойынша «Атырау» футбол клубының бас бапкері қызметінен кетті. 

Владимир Чебурин
Фото: ҚФФ

Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Ол 2026 жылдың 6 наурызында команданың тізгінін ұстап, осы уақыт аралығында бас бапкер ретінде 19 кездесу өткізді.

— Клубымыз Владимир Николаевичке атқарған еңбегі, кәсібилігі және командаға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді. Бірге өткізген уақыт, жеңістер мен қиын сәттер клуб тарихының бір бөлігі болып қала береді. Владимир Николаевичке алдағы бапкерлік мансабында сәттілік, мықты денсаулық және жаңа жеңістер тілейміз, — деп жазылған хабарламада.

Владимир Чебурин спорттағы жолын Қарағанды қаласында бастап, жергілікті «Шахтер» клубында доп тепкен. 

Бапкер ретінде Қарағандының «Шахтер» клубымен бірге 2009 жылы Қазақстан чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді. Сондай-ақ ел кубогының финалына жолдама алды. Оған қоса «Окжетпес» клубын қайтадан Қазақстан Премьер-лигасына алып шықты.

Отандасымыз халықаралық деңгейде де айтулы табыстарға жетіп, Литваның «Судува» клубымен бірге үш рет ел чемпионы болды. Команда еурокубоктарда сәтті өнер көрсетіп, UEFA турнирлерінің плей-офф кезеңіне дейін жетті. Кейін Литваның «Жальгирис» клубымен бірге үш мәрте ел чемпионы және екі рет Литва кубогының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Владимир Чебурин Литвада үш рет «Жыл бапкері» атағына ие болды.