Волейбол: Көш басындағы «Жетісу» клубы «Атыраудан» айласын асырды

АСТАНА. KAZINFORM – Көкшетау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты төртінші үлкен турында бүгін «Жетісу» мен «Атырау» алаңға шықты.

Волейбол: Көш басындағы «Жетісу» клубы «Атыраудан» айласын асырды
Фото: volleyzhaik

Марат Адрышев жаттықтыратын талдықорғандықтар турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келе жатса, атыраулықтар (бас бапкері Игорь Никольченко) Оралдың «Жайығымен» үшінші-төртінші орынды бөлісіп тұрған еді.

Жанкүйерлер тартысты ойын күткенімен, «Жетісу» матчты үш партияда бітірді – 3:0 (25:22, 25:17, 25:21). Осылайша, қатарынан бес бәсекені жеңіспен аяқтаған талдықорғандықтар ұпай санын 68-ге жеткізді.

Өткен жылғы ел чемпионы «Жайық» клубы да кезекті үш ұпайын алды. Виктор Козиктің шәкірттері «Таразды» 3:0 (29:27, 25:16, 25:23) есебімен тізе бүктірді.

Оралдықтар 56 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан төртінші турдың алғашқы күні фавориттер жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.