Волейбол: Оралдың «Жайығы» 15 кездесуден кейін жеңіліс тапты

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының үшінші турында орталық кездесу «Жайық» пен «Ақтөбе» арасында өтті.

Волейбол
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Виктор Козик шәкірттері осыған дейін қатарынан 15 ойынында жеңіске жеткен еді.

Оралдықтар 21 қараша күні бірінші турда Сергей Трикоз жаттықтыратын ақтөбеліктерге 2:3 есебімен есе жіберген еді. Оның алдында Қазақстан кубогының финалында да «Ақтөбеден» ұтылып қалған болатын.

Бұл жолы бірінші партияда ақтөбеліктер 25:17 есебімен басым түссе, оралдықтар екіншісінде есе қайырды – 25:18. 

«Жайық» сапында ойнайтын ресейлік Михаил Моров жарақат алғаннан кейін оның орнына Орал волейболының түлегі Айдын Әділбеков шықты. Басқалай да алмасулар болды. Бірақ бүгін ақтөбеліктер дес бермеді – 25:19, 25:22. Қорытынды есеп – 3:1.

Осы ойыннан кейін «Жайық» 46 ұпаймен бірінші орында қалғанмен, «Ақтөбе» (38 ұпай) бір табан жақындай түсті. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Атыраудың» ел чемпионы «Таразды» ұтқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар