00:30, 11 Ақпан 2026 | GMT +5
Волейбол: «Тұран» Орталық Азия чемпиондар лигасында күміс жүлдегер атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Волейболдан әйелдер клубтары арасында Мальдив аралдарының астанасы Мале қаласында Орталық Азия чемпиондар лигасының ойындары аяқталды.
Түркістанның «Тұран» командасы финалға дейін сүрінбей жетті.
Асқар Шалқыбековтің шәкірттері жартылай финалда Непалдың «Непал Полис» командасын 3:0 (25:14, 25:13, 25:11) есебімен ойсырата жеңді. Алайда түркістандықтар шешуші бәсекеде Иранның «Фулад» клубына есе жіберді – 0:3 (22:25, 20:25, 20:25).
Осылайша, «Тұран» алғаш рет өткізілген Орталық Азия чемпиондар лигасында күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал ирандық клуб Азия чемпиондар лигасына жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Тұранның» Орталық Азия чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққанын жазған едік.