Волейбол: «Жетісу» ерлер командасы суперкубок иегері атанды

ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші үлкен турының ойындары басталды. 

Волейбол: «Жетісу» ерлер командасы суперкубок иегері атанды
Фото: volleyfederationkz

Осы тур аясында өткен жылғы ел чемпионы «Жайық» пен кубок иегері «Жетісу» (Талдықорған) командасы суперкубокты сарапқа салды.

Марат Адрышев жаттықтыратын талдықорғандықтар алғашқы партияда 25:18 есебімен басым түсті. Екінші сетте бастапқыда оралдықтар (бас бапкері Виктор Козик) алға шыққанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады. Қалған екі сет те (25:21, 25:20) «Жетісудың» еншісінде кетті.

Қорытынды есеп – 3:0. Осылайша, «Жетісу» суперкубокты жеңіп алды. 

Талдықорғандықтар ел чемпионатында да 47 ұпаймен көш бастап келеді. Бүгін Алматының «Буревестнигін» 3:0 (29:27, 25:19, 25:17) есебімен жеңген «Ақтөбе» 40 ұпаймен екінші орында тұр.

«Таразды» 3:0 (25:18, 25:17, 25:20) есебімен сүріндірген «Атырау» 38 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр. Оралдағы тур 12 ақпанда мәресіне жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Жетісу» ерлер командасының Қазақстан кубогын жеңіп алғанын жазған едік.

Сондай-ақ «Тұран» Орталық Азия чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты

Соңғы жаңалықтар