Волейболдан Азия чемпионаты: Қазақстан қыздар құрамасы жартылай финалдан тыс қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Таиландта 18 жасқа дейінгілер арасында волейболдан Азия чемпионатының ширек финалдық бәсекелері аяқталды.
Қазақстан қыздар құрамасы Оңтүстік Корея командасымен жартылай финал жолдамасын сарапқа салды.
Бірінші партияда есеп 24:19 болған мезетте қазақстандықтар бес бірдей сетболды пайдалана алмады - 24:26.
Екінші сетте оңтүстіккореялықтар 25:19 есебімен басым түсті.
Владимир Аниконовтың шәкірттері үшінші партияны өз есебіне жазды - 25:21. Бірақ одан әріге шамасы жетпеді - 16:25.
Қорытынды есеп - 3:1, Оңтүстік Кореяның пайдасында.
Осылайша, Қазақстан қыздар құрамасы жүлделі орындарға таласу мүмкіндігінен айырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Азия чемпионатында Қазақстан қыздар құрамасы плей-офф кезеңіне шыққанын жазған едік.