Волейболдан «Жетісу» клубы Азия чемпиондар лигасының жартылай финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Таиландта волейболдан әйелдер командалары арасында Азия чемпиондар лигасының ойындары басталды.
Өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған Азия чемпиондар лигасында «Жетісу» (Талдықорған) командасы үздік шыққан еді.
Биыл сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері алғашқы кездесуін ширек финалда қытайлық "Бэйцзин" клубымен өткізді.
Қазақстандық волейболшылар матчты сенімді бастады – 25:16. Алайда бұдан кейін қатарынан екі партияны беріп қойды – 22:25, 23:25.
Төртінші сетте «Жетісу» 25:17 есебімен басым түсті. Содан кейін тай-брейкте жеңіске жетті – 15:13. Қорытынды есеп – 3:2.
«Жетісу» сапында украиналық байланыстырушы Дарья Шаргородская матчтың үздік ойыншысы атанды.
Талдықорғандықтар жартылай финалда «НЕК Ред Рокетс» (Жапония) – «Харудот Чонбури» (Таиланд) командаларының қай жеңгенімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» клубы алғаш рет Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Жетісу» волейбол клубы оныншы рет Қазақстан чемпионы атанды.