Wabtec-тен 300 локомотивті 1 млрд доллардан астам ақшаға сатып аламыз – Сауранбаев
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен америкалық Wabtec компаниясы арасындағы 4,2 млрд долларлық келісімшарт туралы пікір білдірді.
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі Wabtec Қазақстанға локомотивтерді неге сонша қымбатқа сатып отырғанын сұрады.
– Бұл Қазақстан мақтана алатын жоба деп айтар едім. Бірақ о баста біз ақпаратты дұрыс бермеген сияқтымыз. Бәрі келісімшарт сомасын локомотив санына бөле салды. Осы соманың ішінде локомотив сатып алу сомасы 1 млрд доллардан сәл ғана асады. Қалғанының бәрі локомотивтер істен шығарылғанша жүретін сервистік жетек шығындары болатын. Осы тұсын ресми ақпаратта бермеген сияқтымыз. Сондықтан баға аспандап шыға келді. Яғни, біз сатып алған локомотив бағасы нарықтағы бағамен сәйкес, қымбат емес. Бұл мәселе қытайлық әріптестермен де жұмыс істейміз. Сондықтан бағаның нарыққа сай екенін кепілдік бар, - деді Нұрлан Сауранбаев.
Еске салсақ, «Қазақстан Теміржолы» ұлттық компаниясы Kazinform сауалына жолдаған жауапта Wabtec компаниясымен арадағы 4,2 млрд доллардың келісімі туралы кеңірек мәлімет берген еді.
– Әлеуметтік желілерде 4 млрд АҚШ долларына 300 бірлік жаңа локомотив сатып алынатыны туралы ақпарат берілген.4 млрд АҚШ доллары 300 бірлік локомотив сатып алуды ғана емес, сонымен қатар қолданыстағы сервистік шартты 2058 жылға дейінгі 15 жыл мерзімге 405 бірлік локомотивке ұзартуды, сондай-ақ сатып алынатын 300 бірлік локомотивке 2054 жылға дейінгі 18 жыл мерзімге толық сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыруды қамтиды, - деп жазылған ресми жауапта.