Wildberries сатушыларына несие төлемін үш айға кейінге қалдыру мүмкіндігі ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Wildberries логистикалық орталықтарына жасалған шабуылдан зардап шеккен сатушыларға WB Банкі мен МҚҰ WB Finance несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін ұсынды.
WB Банкі мен МКҰ WB Finance (сатушыларға қарыз беретін микроқаржы ұйымы) Wildberries логистикалық орталықтарына жасалған шабуыл салдарынан тауар қорынан және кәсіпкерлік қызметінен зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне несие демалысын ұсынды.
Бұл шара Wildberries компаниясы бұрын жариялаған қолдау бағдарламасын толықтыра түседі. Оның аясында сатушыларға алғашқы қаржылай өтемақылар да төлене бастады.
WB Банкі мен МҚҰ WB Finance-тің шағын және орта бизнес санатындағы клиенттері барлық несие мен қарыздары бойынша үш айлық тегін төлем кейінге қалдыру мүмкіндігіне ие болды. Осы кезеңде негізгі қарызды өтеу де, пайыздарды есептеу де уақытша тоқтатылады.
Соған сәйкес, кәсіпкерлер келесі несие немесе қарыз төлемін қазан айының соңында ғана жүзеге асырады.
Бұл жеңілдікті пайдалану үшін сатушылардан ешқандай өтініш немесе қосымша құжат талап етілмейді. Несие демалысы автоматты түрде қосылып, бұл туралы ақпарат олардың жеке кабинеттерінде көрсетілген.
Егер кәсіпкер төлемді кейінге қалдыруды қажет етпесе және бұрынғы кесте бойынша төлем жасауды қаласа, жеке кабинеттегі арнайы батырма арқылы бұл қызметтен бас тарта алады немесе қолдау қызметіне жүгіне алады.
Ал ірі бизнес өкілдеріне қолдау көрсету мәселесі әр кәсіпорын бойынша жеке тәртіппен қаралады.
Alibaba мен Wildberries Қазақстан нарығына не ұсынып отырғанын мына сілтемеден оқыңыз.