World Boxing: 6 қыркүйекте еліміздің бокс құрамасынан кімдерге сенім артамыз
АСТАНА. KAZINFORM — World Boxing аясында Англияның Ливерпуль қаласында өтетін әлем чемпионатында бүгін, 6 қыркүйекте Қазақстан құрамасынан төрт боксшы шаршы алаңға шығады.
Ел құрамасынан Төрехан Сабырхан (70 келі) ересектер арасында алғашқы жекпе-жегін өткізеді.
Төрехан Сабырхан 2006 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін ол жастар арасында әлем чемпионы (2024), жастар мен жасөспірімдер арасында Азияның төрт дүркін чемпионы болды.
Ал 2025 жылғы Странджа кубогының жеңімпазы атанды.
Жекпе-жектер кестесі:
Күндізгі сессия. (қазақстандық уақытпен 15:00–де)
70 келі. Төрехан Сабырхан — Ислам Ячи (Алжир)
Кешкі сессия (қазақстандық уақытпен 22:00–де)
60 келі. Виктория Графеева — Донета Садику (Косово)
75 келі. Надежда Рябец — Лина Уанг (Қытай)
60 келі. Бибарыс Жексен — Джунмилардо Огаири (Филиппин).
Қазірге дейін ел құрамасынан Еліміздің әйелдер құрамасынан Элина Базарова (54 келі) алғашқы жекпе-жегінде өзбекстандық Нигина Уктамоваға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
Ал Аида Әбікеева (65 келі) венгриялық Анна Луца Хамори, Карина Ибрагимова (57 келі) грекиялық Панагита Кузилуді жеңіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Ерлер құрамасынан Сағындық Тоғамбай (90 келі) англиялық Айзек Оконы тізе бүктіріп, жарыстың келесі сатысына шықты.
World Boxing ұйымының аясында алғаш рет өтетін әлем чемпионатына 68 елден барлығы 554 (ерлер — 329, әйелдер — 225) келді.
Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында өткізіледі. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде сайысқа түседі. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай болса, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтеді.