World Boxing: Бүгін қазақстандық үш боксшы финалда шаршы алаңға шығады

АСТАНА. KAZINFORM — Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан бокстан әлем кубогында қазақстандық үш боксшы финалда сынға түседі.

бокс қолғабы
Фото: pixabay.com

Күндізгі сессия қазақстандық уақытпен 22:00–де басталады. Бұл сессияда ел құрамасынан Дәулет Төлемісов (85 келі) шаршы алаңға шығады. Қарсыласы — өзбекстандық Акмалжон Исроилов. Олар жекпе-жекке сегізінші жұпта шығады.

Ал 5 сәуірден 6-на қараған түні қазақстандық уақытпен 3:00–де басталатын кешкі сессияда қазақстандық боксшылардың қатысуымен тағы екі жекпе-жек өтеді. Алдымен бірінші жұпта Жазира Орақбаева (51 келі) италиялық Элен Айяримен кездессе, бесінші жұпта Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі) Миразизбеком Мирзахалиловпен кездеседі.

Ал Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) қола жүлдегер атанды.

Қазірге дейін ел құрамасынан Нұрзат Оңғаров (50 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Анита Әдішева (54 келі), Алмат Әбдуали (65 келі), Дархан Дүйсебай (70 келі) жарыс жолынан шығып қалды.

World Boxing турнирі үш кезеңнен тұрады. Екінші кезең 30 маусым — 7 шілде аралығында Қазақстанда болады. Ал үшінші кезең 21-27 шілде аралығында өтеді. Бірақ оның өтетін орны әзірге белгісіз. 

Соңғы жаңалықтар