XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне пәтер сертификаты табысталды

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 15-25 қараша аралығында Токио (Жапония) қаласында өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының бірқатар жүлдегеріне пәтер сертификаты берілді.

Қарашөкеев
Фото: gov.kz

Атап айтсақ, еркін күрестен 57 кг салмақта күміс медаль жеңіп алған Ғабит Есжанов , 74 кг салмақта белдескен қола жүлдегер Ғасыр Тұрғынбай, жекелей сында қола, командалық есепте күміс жүлдегер атанған Анна Краморова, командалық сынның күміс медалін жеңіп алған Фериде Кара Оглы, сонымен қатар ерлер арасындағы командалық жарыста қарсыластарынан оқ бойы озып, алтын медальға қол жеткізген Айдос Түгелбаев бастаған құрама спортшылары бар.

сертификат
Фото: gov.kz

XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаз-жүлдегерлеріне Тараз қаласынан 1, 2 және 3 бөлмелі пәтер сертификаты табысталды. Сонымен қатар жарысқа қатысушы мен олардың жаттықтырушыларына Түркия мемлекетінде өтетін сауықтыру оқу-жаттығу жиынына жолдама табысталды.

Пәтер сертификатын Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев табыстап, жоғары нәтижеге қол жеткізуде аянбай тер төккен спортшыларға алғысын айтып, олардың шыңдалуына еңбек сіңірген бапкерлерге ризашылығын білдірді.

Еркін күрестен күміс жүлде иеленген Ғабит Есжанов пен дзюдодан жеке бапкер Хайрулла Лұқманов мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың алдағы жетістіктерге шабыт сыйлайтынын атап өтті.

спорт
Фото: gov.kz

Айта кетейік, байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасы 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль жеңіп, 81 елдің ішінде медальдік есепте 9-шы орынға тұрақтаған болатын.

пәтер
Фото: gov.kz

XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары Жапония астанасы Токио қаласында 15–26 қараша аралығында өтті. Бұл — төрт жылда бір ұйымдастырылатын есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы ең беделді халықаралық жарыс. Додаға 81 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада бақ сынады. Қазақстан ұлттық құрамасы 78 спортшымен 8 спорт түрінен өнер көрсетті.

Биылғы Сурдлимпиадада Қазақстан құрамасы үшін ең нәтижелі спорт түрі сурдо дзюдо болды. Бұл сында отандастарымыз 5 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, барлығы 11 жүлдеге қол жеткізді.

Еркін күрестен 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль олжаланса, грек-рим күресінде ұлттық құрама қоржынына 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде түсті.

Жеңіл атлетикада Қазақстан 1 алтын және 1 қола медаль еншілеп, Фаина Мейрманова биіктікке секіру сайысында 1,79 метр нәтижемен Сурдлимпиада рекордын жаңартты. Таеквондошылар керуги дисциплинасында 3 қола жүлде иеленсе, үстел теннисінен ерлер құрамасы командалық сында қола медальға қол жеткізді.

Соңғы жаңалықтар