Ядролық энергетика саласында Жапониямен байланыс орнатудың болашағы зор - Д.Ахметов

Кездесу барысында ынтымақтастық және серіктестік мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысына екі күндік іс-сапармен келген Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Масаеси Камохарамен кездесті.
-Шығыс Қазақстан облысында еліміздің ірі өндірістік кәсіпорындары шоғырланған. Бұл аймақта атом өндірісі жақсы дамыған. Ядролық энергетика саласында Жапониямен байланыс орнатудың болашағы зор. Елдеріміздің тағдырлары ұқсас - екеуі де ядролық тәжірибелерден зардап шекті. Сол себепті серіктестіктің негізгі бағыты онкологиялық аурулармен күрес, - деді Даниал Ахметов. Масаеси Камохара жылы қабылдау көрсеткендері үшін алғысын білдіріп, қазақ халқының қонақжай халық екеніне тағы бір мәрте көзі жеткедігін айтты. Ол іссапары барысында 29 тамыз күні Семей қаласында өтетін Халықаралық ядролық қарудан бас тарту күніне арналған мерекелік шараларға қатысуды жоспарлап отыр. Айта кету керек, Жапонияның «Корни Травы» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысында әр түрлі әлеуметтік маңызы зор жобаларға 1 млн доллардан астам қаржыға гранттық көмек көрсетілген.