Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы заң жобасы Сенаттың жалпы отырысында қаралады
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында
«Қазақстан Республикасының 1997 жылғы ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясын (1997 жылғы 12 қыркүйектегі Хаттамамен енгізілген түзетулермен 1963 жылғы 21 мамырдағы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясының жиынтық мәтіні) ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады.
Отырыс барысында аталмыш құжаттың мақсат-міндеттері жөнінде сөз қозғаған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғановтың сөзіне қарағанда, талқылауға ұсынылып отырған Вена конвенциясы ядролық инцидент немесе апатты жағдайда туындайтын залалды қаржылай қорғауды қамтамасыз етуге арналған нормалар мен өлшемдерді белгілейді. Конвенцияны ратификациялау - Қазақстанның ядролық залал үшін жауапкершілікті жүктеуге әзір екенін растайды.
«Сонымен қатар құжат атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуына ықпал етеді. Вена конвенциясын ратификациялау жалпы алғанда ядролық қызмет қауіпсіздігі жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне қажет. Халықаралық стандарттарға сәйкес, құжат негізгі құқықтық құралдар енгізуге, сондай-ақ атом энергиясымен байланысты қызметті жүзеге асыруда халықтың және қоршаған ортаның қорғау деңгейін көтеруге мүмкіндік береді, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамаларды халықаралық нормалармен үйлестіреді», - деді вице-министр.
Отырыста құжатты жан-жақты талқылаған депутаттар оны Сенаттың жалпы отырысында қарайтын болып шешті.