Яна Легкодимованың ісін ашқан тергеушінің шені жоғарылады

АСТАНА.KAZINFORM - 2024 жылы із-түзсіз жоғалып кеткен Яна Легкодимоваға қатысты қылмысты ашудағы кәсіби еңбегі үшін ауыр қылмыстар бойынша аға тергеуші Темірхан Хажмұратов мерзімінен бұрын полиция майоры шеніне көтерілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.   

Темирхану Хажмуратову, Темірхан Хажмұратов
Фото: Атырау облысы ПД

Атырау облыстық полиция департаментінде өз міндетін орындауда жоғары кәсібилік танытқан және ауыр қылмысты тергеуде ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті.

Тергеу департаментінің ерекше маңызды істер бойынша аға тергеушісі, полиция капитаны Темірхан Хажмұратовқа тергеу әрекеттерін сапалы жүргізгені үшін аға қызметкердің ерекше арнайы атағы берілді.

Полиция подполковнигі Аслан Смағұл мен полиция майоры Наурызбек Рахмановқа да Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтің бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Полиция майоры Серіжан Сәбитов пен полиция капитаны Гүлфарида Төлегеноваға «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі табысталды.

Бұл марапат Яна Легкодимованың өлімін ашудағы еңбегі үшін берілді.

Қыз 2024 жылы жоғалып кеткен. 18 қазанда Яна Легкодимова Ризуан Хайржановпен кездесу үшін үйінен шыққан. Тергеу мәліметтері бойынша, олардың арасында жанжал туындаған. Хайржанов танысы Алтынбек Қатимовты шақырып алған, содан кейін қызды өлтіріп, денесін Талдыкөл ауылының маңындағы өзенге тастаған.

Күдіктілерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ біз Яна Легкодимова ісіндегі айғақтар қалай табылғаны туралы тергеушіден сұхбат алған едік.