Юлия Путинцева Румыниядағы жарысты жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 82-ракеткасы Юлия Путинцева Яссы (Румыния) WTA 250 турнирінің 1/8 финалына шықты.
Жарыстың 9-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда рейтингіде 111-орындағы америкалық Клэр Льюмен бетпе-бет келді.
Тартысты өткен бірінші партия соңында Юлия сегізінші сетболын пайдаланды — 7:5.
Екінші сетті Путинцева сәтті бастады — 2:0. Содан кейін есепті 5:1-ге жеткізді. Ақыры матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ — 6:2.
Екі сағат 7 минутқа созылған тартысты бәсекеде Путинцева 1 эйспен бірге 21 брейк-пойнттың жетеуін өз есебіне жазды. Америкалық спортшы 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 118-ракеткасы, армениялық, бұрынғы ресейлік Алина Чараевамен таласады.
Өткен жылы Ю.Путинцева аталмыш додаға қатыспаған еді. Сондықтан биыл сәтті өнер көрсетсе, рейтингілік ұпай қорын толықтыра алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның әлемдік рейтингіде 26 сатыға жоғарылағанын жазған едік.