Юлия Путинцева Швециядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 84-ракеткасы Юлия Путинцева Бостад (Швеция) WTA 125 турнирінің жартылай финалына шықты.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингіде 93-орындағы аустриялық Синья Крауспен шеберлік байқасты.
Екі партия да 6:2, 6:3 есебімен Путинцеваның пайдасына шешілді.
Бір сағат 16 минутқа созылған бәсекеде Юлия 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Краус 2 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.
Юлия Путинцева финалға шығу үшін кезінде әлемдік рейтингіде 2-орынға дейін көтерілген, қазір 141-сатыдағы испаниялық Паула Бадосамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Швециядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған едік.