Юлия Путинцева Страсбург турнирін сәтті бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 77-ракеткасы Юлия Путинцева Страсбург (Франция) WTA 500 турнирі іріктеу сайысының финалына шықты.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайысының жартылай финалында әлемнің 59-ракеткасы, хорватиялық Антония Рузичпен бетпе-бет келді.
Матч 6:4, 6:3 есебімен Юлияның пайдасына шешілді.
Бір сағат 49 минутқа созылған бәсекеде Путинцева 1 эйспен бірге 15 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Рузич 1 эйс, 2 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.
Юлия Путинцева іріктеу сайысының финалында әлемнің 68-ракеткасы, украиналық Александра Олейниковамен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Өткен жылы Страсбургте Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина чемпион атанған еді. Биыл ол аталмыш додаға қатыспайды.
Тағы бір қазақстандық Григорий Ломакин жұптық сында Бангалор (Үндістан) челленджер турнирінің финалында өнер көрсетті.
Қазақстандық теннисші ресейлік Петр Бар-Бирюковпен бірге соңғы бәсекеде үндістандықтар Сакет Минени – Ники Калияндаға жол берді – 2:6, 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Григорий Ломакиннің Үндістандағы турнирдің финалында ойнайтынын жазған едік.