ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Қазақстан Президентінің бастамаларын талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парижде ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Франциядағы Қазақстан елшісі, ЮНЕСКО жанындағы ҚР тұрақты өкілі Нұрлан Дәненов ЮНЕСКО бас директорының орынбасары Нада әл-Нашифпен кездесті.

ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Қазақстан Президентінің бастамаларын талқылады

ЮЕНСКО жанынан Халықаралық бейбітшілік академиясын құру идеясын алға жылжыту бойынша пікір алмасу өтті. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың пікірінше, үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, бейбітшілікті қолдау және орнықты дамуды қамтамасыз ету бойынша үдемелі идеялар мен тиімді шараларды жүзеге асыруға болады.

ЮНЕСКО бас директорының орынбасары Н. Назарбаевтың бастамасын жоғары бағалап, ұсыныстардың өзектілігі мен негізгі бағдарламалар мен ұйымдастыру стратегиясына сәйкес келетінін атап өтті. Н. Әл-Нашифтің пікірінше, осындай академия құру идеясын іске асыру үшін ЮНЕСКО-ның зияткерлік әлеуетін жұмылдыру аса маңызды. Осыған орай құрылған тиісті жұмыс тобы сараптамалық ұсыныстарды зерделеп, талдайды.

2013-2022 жылдарға арналған халықаралық мәдениеттерді жақындастыру онжылдығының іс-қимыл жоспарын іске асыру мәселелерін талқылау аясында БҰҰ Бас хатшысының баяндамасында жарық көрген ЮНЕСКО-ның осы бағдарламасының қалыптасуына Қазақстанның қосқан маңызды үлесі атап өтілді, деп мәлімдеді ҚР СІМ баспасөз қызметі.