Заң бар, бірақ жүзеге аспады: Елімізде оқушылар әлі де сабақта смартфон қолданып жүр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Елімізде сабақ кезінде ұялы телефон ұстауға болмайды. Заң күшіне енгенімен, әлі жүзеге аспай келеді. Көбінде ата-аналар пікірі екіге жарылады. Бірі баламен байланыс, қауіпсіздік, тамақтануға төлем десе, екіншісі сабаққа кедергі келтіретін құралды мектепке кірген сәтте тапсыруға әзір. Kazinform тілшісі заң мен нақты істі көрді.

ученики с телефоном
Фото: freepik

Заң не дейді?

Былтыр Білім туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Заңның 47-бабы 10-1 тармағында «Оқу мақсаттарында қысқа мерзімді оқу жоспарларында көзделген жағдайларды қоспағанда, орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу процесі кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануына жол берілмейді» деп жазылған.

Ал биыл депутаттар егер бала сабақ кезінде ұялы телефон ұстап, оны қолданса, оқу процесіне кедергі келтірсе айыппұл қарастырып, бекітті.

Енді Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 409-бабы бойынша «ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің ҚР білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы» тіркелсе, 5 АЕК көлемінде айыппұл төленеді.

Бұл биыл 19 660 теңге болып тұр. Егер бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 20 АЕК болады. Тек алдымен ата-анаға ескерту берілуі тиіс. 

Оқу ағарту министрлігінің хабарлауынша, әкімшілік істің хаттамасын білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері толтырады.

телефон
Фото: Anadolu

Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 802-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтыруға мемлекеттік органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органынан, жеке және заңды тұлғалардар түскен шағым, сонымен бірге БАҚ-қа шыққан материалдар негіз бола алады.

Ол үшін жеке мәлімет, арыз дәлелін таба алатындай фото, видео материал болуы тиіс. 

— Смартфонды оқу процесі кезінде немесе үзілісте қолдануға болмайды. Тек оқу жоспарында қарастырылған жағдайларда ғана қысқа мерзімге немесе төтенше жағдайларда пайдалануға мүмкіндік беріледі. Мұндай шектеулер оқушылардың денсаулығын (көзінің көру қабілетін, психикалық жағдайын және т. б.) қорғау, сабақ кезінде алаңдаушылық факторларын азайту, концентрацияны арттыру, тікелей қарым-қатынас атмосферасын жасау, гаджеттерге тәуелділікті төмендету, онлайн-булингтің алдын алу мақсатында енгізілді, — деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Басқа мектептер ше?

Бұл тақырыпты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жиі қозғап, әлеуметтік желіде әлемдік зерттеулердің нәтижесін бөлісіп отырады. Заң болса да мектептер өз мүмкіндігін пайдалана алмай отыр. Себебін де көпшіліктен ашық сұрады. 

— Рандомизацияланған зерттеу смартфонды шектеу мектепте қандай нәтиже беретінін анық көрсетті. Бір сыныпта телефонға тыйым салынды, екіншісі — бұрынғыдай. Салыстыру нәтижесі таңғаларлық: әсіресе үлгерімі төмен оқушылардың білімі айтарлықтай жақсарған. Назарды алатын факторлардың азаюы — тіпті «орташа мұғалімді» «өте жақсы мұғалімге» алмастырғандай әсер берді. Ұқсас қорытындылар Норвегия мен Британияда да байқалған. Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім-инновация лицейлері және тағы да бірқатар алдыңғы қатарлы білім ордалары мектеп ішінде смартфон қолдануға шектеу енгізді. Басқа мектептер ше? Неліктен осы қадамға бармай отыр? Заң жүзінде біз оларға мұндай мүмкіндік бердік. Зерттеулер жеткілікті. Көшбасшылық деген дәл осындай кезде көрінеді. Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау. Өйткені бұл – оқушының зейіні, денсаулығы, мінезі және тәртібі туралы мәселе, — деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Иә, елімізде мектеп әкімшіліктері заңға сүйеніп, ұялы телефонды шектеп жатыр. Ал кейбірі оған дейін де осы қадамға барды.

Мәселен М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты бес жылдан бері оқушылардың телефонын жинап алып жүр. 

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Мұнда ұялы байланыс құрылғыларын пайдалану қағидасы енгізілген және оған оқушылардың ата-аналары түгел қол қойған.

Телефонды сабақ кезінде тек оқу мақсатында және мұғалім рұқсатымен қолдануға болады.

Ал өзге уақытта дыбыссыз режимге қояды немесе өшіреді. Байланыс құралын мұғалім жинап, арнайы қорапшаға салады. 

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Жыл сайын бала қабылдайтын кезде ішкі ережені түсіндіреміз, келісімшарт жасаймыз. Келісімшартта оқу процесі кезінде телефон ұстауға тыйым салынатыны туралы жазылған. Сонымен бірге бізде жатақхана бар. Онда да бала кешкілік телефонын алып, үйімен байланысады. Кейін қайтадан тәрбиеші апайына береді. Сабақ уақытында кураторлар, яғни, сынып жетекшілері жинап алып, түскі үзілісте береді. Интернаттағы балалар сағат 15:00–17: 00 аралығында демалады. Ал сағат 17: 00-19:00 дейін үй тапсырмасына дайындалады. Дәл осы кезінде тағы телефонды жинап береді. Ал сағат 19:00–20:00 арасы кешкі ас, кейін 20:00–22:00 арасы бос уақыт. Осы уақытта телефон ұстап, кейін тапсырады. Түнде оларға берілмейді. Бұл қажеттілік. Алғашында кедергілер кездесті. «Баламның жеке заты», «балама хабарласқанда, ол жауап беруі керек» деген уәждер айтылды. Егер қажет болса кез келген уақытта сынып жетекшісіне хабарласа алады, — дейді М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Төлеген Аймұқатов.

Оның айтуынша, кейбір ата-ана баласына қарапайым телефон ұстатты. Бұл аса қажетті байланыс құралы ретінде ғана қолданылады.

Онда де тек сабақ уақытында хабарласуға болмайды. 

— Оқу-тәрбие процесін өзге мектептер де көрді. Бізге аудандардан келгенде ұйымдастыру жолын білгісі келді. Міндетті түрде оқу жылының басында ашық айтылуы тиіс. Әрі ата-аналар жиынында талқылануы керек. Ата-ана көнеді. Өйткені ішкі ереже бұл. Кейбір ата-аналар «баламда смартфон бар, алып қойсаңыз» деп айтады. Себебі олар да тәуелді екенін көріп отыр. Сол кезде каникул тез аяқталып, смортфон жәшікке түссе деп жүреді, — деді мектеп директоры.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Мұнда буфет те жұмыс істейді. Онда қолма-қол ақша қабылданады. Ал егер ата-ана жырақта болса, ақшаны кураторына немесе балаға жібереді. Бұл да бақылау. 

— Біріне емес, бәріне ортақ ереже бұл. Оқушылар бір-біріне қарайды, бірі телефонын тапсырғанда, екіншісінің де өз еркімен бергенін көріп отырады. Бірден тартып алса, агрессия көбейеді. Тек дұрыс түсіндіру нәтиже береді. Ата-ананың қолдауы да болды. Біз ойлай алатын, дұрыс шешім шағаратын тұлға тәрбиелей алуымыз керек. Кейбір сабақта телефонды пайдаланады, тапсырманы да орындайды, — деді мектеп директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Нұрбаева.

Ата-аналар қарсы — директор

Білім туралы заңға өзгертулер мен толықтырулардың енгізілгеніне бір жылға жуық уақыт болып қалды.

Таяуда баласы тіл алмаса ата-аналардың да жауапқа тартылатыны туралы айтылып, әкімшілік жаза қарастырылды. Алайда кейбір ата-ана бұл шешімді қабылдауға дайын емес. 

— Сабаққа кері әсер ететін жағы басым. Сондықтан ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Кейде ата-аналар «бізге аяқ астынан хабарласу керек болады» деп айтып жатады. Үзіліс кезінде хабарласа алады, ал сабақ басталғанда телефонды тапсыру керек. Енді арнайы жәшік алып, бәрін бір жерге жинағымыз келеді. Бүгін сабаққа қажет емес, демек ұяшықта тұрсын. Тіпті сол ұяшық құлыпталады да. Егер қажет болса, қолдануға рұқсат. Ал өзге уақытта ол тек баланы алаңдататын құрал. Өзімнің ата-ана, мұғалім, басшы ретінде де пікірім осы, — деді Ғ.Ақтаев атындағы орта мектеп директоры Жания Романова. 

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Ата-аналар сабақ уақытында ұялы телефонды жинап алуға қарсы емес, тек мектепке кіргеннен жәшікке салу талабына келісе алмай келеді. 

— Егер мектепке кіргеннен телефон тапсырады деген тәртіп енгізілсе, ата-аналарға ескертіп, келісімін аламыз. Жедел хабарласу керек болса, сынып жетекшісіне, мектеп әкімшілігіне қоңырау соға алады. Осыны түсіндіргіміз келеді. Мектепте «білім ордасына кіргеннен тапсыру керек» деген шешімге келісе алмады. Енді сабақ басталғанда тапсырып, үзілісте алуға рұқсат беруді ұсынып, тағы түсіндіреміз. Бала дайын дүниені көшірсе, оның ішінде не туралы жазылғанын оқымауы да мүмкін. Ал БЖБ, ТЖБ кезінде қолдану — қате. Әзірге біз сынып ішіне жәшік қоюды ұсынамыз, — деді мектеп директоры. 

Кез келген мұғалім алдында отырған оқушының телефон қолданғанын көре алады және біледі. Мұндайда бірі телефонды сөмкеге салдырса, бірі партаның шетіне, көз алдына қояды. 

— Тәжірибелі мұғалім ештеңені де қалт жібермейді. Кейде мұғалімдерге «сабақ уақытында аралап жүруді» ұсынамыз. Себебі біз әлі ұялы телефонға тыйым салып, оны жинап алған жоқпыз, — деді мектеп директоры.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Телефонға арнайы тартпа жасалды — ата-ана

Ақтөбедегі мектептер арасында арнайы ұяшықтары бар тартпа жасатқан сыныптар да кездеседі. Оған ата-аналар бірауыздан келісім берген. 

— Шамамен екі жыл бұрын сынып жетекшіміз ауысып, арнайы тартпа жасаттық. Ата-аналар кішкентай ғана ақша жиналып, сатып алды. Қазір әр бала өз телефонын бөлек салып қояды, құлыпталады. Ал оның кілті сынып белсендісінде болады. Телефонды мектепке кірген кезде жинап алады. Тек сабақ біткен соң ғана береді. Бұл дұрыс. Өзім балаларыма «мүлде телефонды апарма» деп айтамын. Алыста тұратындарға бұл қиын. Себебі балалар кеш қайтады сабақтан. Олардың қауіпсіздігі үшін телефон керек, — деді Нұржамал Асанова. 

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Тек мектепте емес, мұғалімдер үйде де телефон ұстайтын уақытты шектеуді сұрайды. Себебі балалар әлеуеттік желі құрбаны болып, алаяқтардың уысына түсіп қалуы мүмкін. 

Түнде ұйқысы бұзылып, сабақта қалғып отырады. 

— Жасөспірім шақтағы балам «ата-ана бақылауы» деген қосымшаны қондыруға қарсы. Оған кез келген уақытта телефонды алып, қарап отырамын деп айтып, келістім. Таяуда ғана бір сынып оқушылары түгел «табыс табу» чатына кіріп кеткен. Миллиондарды уәде еткен екен. Мұғалімдер ескертіп, тексеріп шықтық. Сынып жетекшісі әр күн сайын тәртібімен бірге оқу үлгерімін де айтады. Сабақ оқымай барса да аты-жөнін тізіп береді, — деді ата-ана. 

Айта кетейік, былтыр елордада «Смартфонсыз мектеп» жобасы іске қосылған еді.  

Соңғы жаңалықтар