Заңсыз активтерді шығару қай салада жиі байқалады – Бас прокуратура

АСТАНА. KAZINFORM – Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жұмысы тек мүлікті анықтап, елге қайтарумен шектелмейді. Зерделеу барысында мамандар жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестициялық жобаларға берілетін жеңілдіктерге қатысты жүйелі мәселелерді де анықтап отыр.

сүйіндіков
Фото: Kazinform

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Активтерді қайтару қызметінің басшысы Нұрдәулет Сүйіндіков «Bizdin orta» подкастында айтты.

Активтерді қайтару қызметі қай активтің қандай жолмен заңсыз иемденгенін тексереді және мемлекеттік органдарға заңнаманы жетілдіру туралы ұсынымдар береді.

– Әсіресе көп активтер жер қойнауын пайдалану келісімшарттары арқылы елден шығарылады. Біз жер қойнауын пайдалану келісімшарттарын тексергенде, белгілі бір артықшылықтар мен жеңілдіктер пайдаланылған жағдайларды көрдік. Мысалы, өңдеу фабрикасын салу үшін жер қойнауын алады. Бірақ фабрика салынбай, шикізаттың өзі шетелге сатылған, – деді ол.

Мамандардың көтеріп отырған тағы бір мәселесі – ірі инвестициялық жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету кезінде олардың ұзақ мерзімді тиімділігін жеткілікті деңгейде бағалау.

– Біреу жоба жасаймын десе, оның тиімділігі аз қаралады да, Үкімет бар жағдайын жасап береді. Жолын салып береді, коммуникациясын өткізіп береді. Он жылға салықтан босатып, арзан несие береді. Кейін қарасаңыз, екі жылда-ақ миллиардтаған табыс тауып отырады. Үкіметке де, депутаттардың назарына да өзіміз көрген жүйелі проблемаларды, заңдағы кемшіліктерді жіберіп отырамыз. Соның алдын алу жолдарын айтамыз, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Бұған дейін Н. Сүйіндіков Қазақстанда адамның ауқатты болуы оның активтерін мемлекет автоматты түрде тексеруді білдірмейтінін айтқан еді.

Туыстардың атына мүлік рәсімдегендер де назардан тыс қалмайды.

Подкаст қонағының толық сұхбатын мына жерден оқуға болады.