Заңсыз алынған 15 млрд теңгенің активтері мемлекетке мәжбүрлеп қайтарылды

деньги, ақша, тенге, банк
Фото: Александр Павский/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Заңсыз алынған 15 млрд теңгенің активтері мемлекетке мәжбүрлеп қайтарылды. Бұл туралы Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков айтты.

«Комитет активтің пайда болу заңдылығына қисынды күмәнданса, онда мәжбүрлеу тетіктері қолданылады. Негізгі құрал – пайда болуы түсініксіз актив туралы талап-арыз. Мұндай сот істері бойынша дәлелдеудің негізгі ауыртпалығы жауапкерге жүктеледі. Егер жауапкер комитеттің активтің пайда болуының заңсыздығы туралы уәждерін сенімді түрде жоққа шығара алмаса, онда мүлік сот шешімі бойынша мемлекет кірісіне айналады. Жыл басынан бері комиссия 15 млрд теңгеден астам сомаға осындай 3 талап-арызды мақұлдады. Бір талапты жауапкер бірден мойындап, заңсыз иемденілген мүлікті мемлекетке өз еркімен қайтарып берді. Екінші талап бойынша мүлікті пайда болуы түсініксіз активтер деп тану туралы сот шешімі шықты. Оған шағым келтіріліп, аппеляциялық сатыдан өтті. Күшіне еніп, жалпы сомасы 5 млрд теңгеден асатын бұл сот актісі толығымен орындалды. Мемлекетке қайтарылған активтердің ішінде түрлі валютадағы ақша қажараттар, зергерлік бұйымдар мен брендтік аксессуарлар, сондай-ақ тарихи және мәдени құндылығы бар заттар бар», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, өткен аптада комитеттің заңсыз жекешелендірілген компанияны мемлекет кірісіне айналдыру туралы үшінші талабы қанағаттандырылды.

Бұған дейін заңсыз алынған 450 млрд теңгенің активі мемлекетке ерікті түрде қайтарылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum