Заңсыз аң аулаушыларға салынатын айыппұл көлемі артты
Өңірде түз тағыларына төнген қауіп тыйылар емес. Осыған орай, браконьерлерге қарсы жаза қатаңдатылды. Биылдан бастап заңсыз аң аулаушыларға салынатын айыппұл көлемі артты. Ал, сібірі елігін атса, заң бұзушы 900 мың теңге төлейді.
«Аң аулауға қойылатын өзіндік талаптар бар. Аңшы куәлігі, салық заңнамасында бекітілген мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығына берген Ішкi iстер органдарының рұқсаты, жыртқыш құстарды белгiленген тәртiппен берiлген тіркеу туралы құжат болуы тиіс. Өткен жылдың өзінде тиісті құжаттарсыз аң аулауға байланысты 33 іс тіркелді. Браконьерлер мемлекетке 350 млн теңге шығын келтірген. Заңсыз аң аулау бойынша ҚР ҚК 337 және 339-баптарымен қылмыстық іс қозғалатынын ескертеміз», - дейді Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Сұңқаржан Байдәулетов.
Қостанай облысында 99 аңшылық шаруашылық тіркелген. 2018 жылдың қыркүйегінде ашылған аңшылық маусымы ақпан айына дейін жалғасады. Бұдан кейін аң, құс ату заңға қайшы әрекет саналады.
Еліміз бойынша арнайы рұқсатпен аулауға сүтқоректілердің 34, құстардың 59 түрі жатады. Тек заң бойынша белгіленген аңшылық нысанда аулануы тиіс аңдардың тізіміне бұғы, аю, тау ешкі, елік және доңыз кіреді. Ал құстардан шіл, құр, қаз және үйректің барлық түріне аңшылық етуге рұқсат берілген.