Затаевичтің «1000 әніне» Ғани Мұратбаев есімі енген

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қазақ тарихында қамшының сабындай қысқа, бірақ шұғылалы ғұмыр кешкен бірегей тұлғалар аз емес. Соның бірі — ХХ ғасырдың басында Орталық Азия жастарын білім мен өркениетке бастаған Ғани Мұратбаев. Небәрі 22 жасында мәңгілікке көз жұмса да, артына өшпес мұра қалдырған қайраткердің өмір жолы — бүгінгі жастар үшін отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.

Затаевичтің «1000 әніне» Ғани Мұратбаев есімі енген
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

Қызылорда облысының Қазалы қаласында Ғани Мұратбаев атындағы мемориалдық музей бар.

 Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

Онда жалынды жасын ғұмыр иесінің өмірі мен қызметіне қатысты жәдігерлер сақталған.

 Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

Бұл экспонаттар қайраткердің балалық шағынан бастап Мәскеудегі ақтық сапарына дейінгі кезеңді қамтиды.

а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

Ғани Мұратбаев 1902 жылы 3 маусымда қазіргі Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы немесе сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Қазалы уезіндегі Қарақұмның Арғымақ деген жайлауындағы төбеде туылған. Әкесі Мұратбай ескіше оқыған, парасаты мол, орташа ауқатты кісі болған.

ХІХ ғасырдың аяғына таман 15 жыл бойы Әлімнің Қарасақал руының болысы болған. Кеңес өкіметі кезінде саясатқа байланысты Ғанидың шыққан тегі шаруа деп жазылды. Екінші себеп, Мұратбай қайтыс болғанда Ғани төрт жастағы бала еді. Ол ер жеткенше әкеден қалған азды-көпті дүние, малы таусылып, күнкөрісіне ғана жеткен.

а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

— Шешесі Бәтима ұлының зеректігін ескеріп, Ғаниды тоғыз жасында көп қиыншылықпен Қазалы қаласындағы орыс-қазақ немесе орыс-түзем мектебіне оқуға береді. 1916 жылы анасы дүниеден өтеді. Мектепті үздік бітірген соң орысша сауаттанған Ғани 1914-1917 жылдары Қазалыдағы осы күнгі Горький атындағы № 16 мектеп, сол кездегі орыс бастауыш училищесінде білім алады. 1918 жылы Ташкентке оқуға аттанады. Мұнда Ғани қазақ-қырғыз педучилищесіне оқуға түседі. Училищеде оқи жүріп, білімін жетілдіру үшін Финкельштейн атындағы мемлекеттік кешкі орта мектепте оқиды. 1919 жылы Коммунистік жастар ұйымына мүше болады. Училище комсомолдары оны комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Осы күннен бастап Ғанидың жалындаған өмірі жастар ұйымымен тығыз байланыста өтті. Саяси сана-сезімі, өмірге көзқарасы жағынан көп жастан озық Ғани комсомолдың алдыңғы қатарлы белсенді мүшесі, жастар жұмысының үлгілі ұйымдастырушысы болды. 1916 жылғы, одан кейінгі оқиғалар салдарынан аштыққа ұшырап, жалаңаш қалған жетім балаларды интернаттарға, балалар үйлеріне, мектептерге тарту ісіне белсене араласты, — деді музейдің қор сақтаушысы Жұлдыз Ерболқызы.

а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

1920 жылы 21 қаңтарда Ташкентте Түркістан комсомолының І съезі ашылды. Съезд Түркістан жастар одағын сайлап, Ресей коммунистік жастар одағының бағдарламасы мен жарғысын қабылдады. 1920 жылы Жетісуда жұмыс істеген Түркістан майданы кеңесінің төтенше өкілі Д. Фурманов Жетісу еңбекшілері арасында саяси-ағарту жұмысын жүргізу үшін РКП (б)-ның Түркістан жөніндегі комиссиясынан білімді де сенімді кадрлар жіберуді сұрады. Көмекке жіберілген жастардың басында Ғани Мұратбаев тұрды. Ол Верныйда педагогикалық курстың тыңдаушыларына сабақ берді. Ғани оқытушылық қызметпен шектелмей, жергілікті жастар арасында түрлі саяси іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысты.

а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві
а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

— 1921 жылдың наурыз айынан бастап оқуынан қол үзбей жүріп, Түркістан комсомолы орталық комитетінің қазақ-қырғыз жастары арасында жұмыс ұйымдастыру бюросының төрағасы болып сайланды. Түркістан комсомолының өкілі ретінде Орынбор қаласында өткен Қазақстан комсомолының І съезіне қатысты. Ол съезді дайындау мен өткізуде үлкен роль атқарды. Осы жолы этнограф, музыка зерттеушісі Александр Затаевичпен танысады. Этнограф Ғанидың айтуымен «Дудар-ай», «Қатын жырау» әндерін нотаға түсіреді. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» атты кітабында әндерді ауызша орындағандар тізімінде Ғанидың да есімі бар. 1921 жылы 22 наурызда Ғани Мұратбаевтың бастамасымен Ташкент қаласында Түркістан Республикасы комсомолының үні — «Жас Алаш» газетінің тұңғыш номері жарыққа шықты. Ғани газетке «Заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті бірігіп ұйымдастыруда. Ояныңдар, ұйымдасыңдар, езілген Күншығыс жастары!» деп ұран қойды, — деді музей қызметкері.

а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

Ғани Мұратбаев 1921 жылдан бастап Түркістан жастарының басын біріктіріп, комсомол қозғалысын дамытуға белсене атсалысты. 1922 жылы Орта Азияны аралап, жастарды қоғамдық іске жұмылдырды. 1923 жылы Қазалыға келіп, жастар конференциясында сөз сөйлеп, ел болашағы — білімді ұрпақ екенін насихаттады. 1924 жылы халықаралық жастар ұйымының басшылығына сайланып, сол жылы жерлесі Бақытжан Құрманбайқызымен бас қосады.

а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

Ғани ұзаққа созылған сырқат салдарынан 1925 жылы 15 сәуірде Мәскеуде қайтыс болды.

а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

Жастық ғұмыры қысқа болғанымен ел жастарына қалдырған өнегесі өшпес ізге айналды.

а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

— 1958 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Ғани Мұратбаевтың ескерткіш-бюсті туған жері — Қазалы қаласында қойылды. 1967 жылы Қазалыдағы Горький атындағы кітапханада Ғани Мұратбаевтың 65 жылдығына арналған мүйіс-көрме ұйымдастырылды. 1968 жылдың 7 қарашасында осы мүйіс негізінде Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қызметіне арналған революциялық-мемориалдық музей ашылды. Үш бөлмеге 200 жәдігер қойылып, онда 3 қызметкер жұмыс істеді. Музей 1979 жылдан бастап облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде қызмет көрсетсе, 1981 жылы дербес музей болып қайта құрылды. Ғанидың 80 жылдығы қарсаңында музейге қосымша құрылыс салынып, аумағы кеңейді. Қоры Мәскеу, Ташкент, Орынбор, Алматы және Қызылорда архивтері мен кітапханаларынан алынған жаңа деректер негізінде толықты. 1984 жылы жаңғырту жұмысы аяқталып, Ғани Мұратбаевтың революциялық-мемориалдық музейі салтанатты түрде қайта ашылды, — деді Жұлдыз Ерболқызы.

Шығыс жастарының жалынды жетекшісінің туғанына 110 жыл толуына орай Қазалы қаласындағы оның атымен аталатын көшеге ескерткіш тақта орнатылды. Сонымен қатар музей қызметкерлері әзірлеген «Ғани» атты жинақ жарыққа шықты. 

а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

Музейде 5 мыңға жуық құнды жәдігер мен экспонат сақталған. Келушілер қайраткердің қолжазбалары, хаттары, фотосуреттер және «Жас Алаш» газетінің ең алғашқы нөмірін тамашалай алады. 

Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

Ал 1924 жылғы үйлену тойында сыйға тартылған кілем, Мәскеудегі қабірінен әкелінген топырақ, Бақытжан Құрманбайқызы пайдаланған әшекей бұйым салуға арналған қобдиша құнды экспонаттар қатарында.

а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві
а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві
а
Фото: Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі архиві

Ал жуырда Kazinform тілшісі облыс орталығы мен қалалардағы мемлекеттік музейге кіру бағасын салыстырды.