Зеленов ауданынан үш өнерлі шәкірт «Ақ көгершін» фестиваліне қатыспақ - БҚО
ОРАЛ. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Зеленов ауданы Қасым Аманжолов атындағы мектептің үш бірдей оқушысы Елордада өтетін VІІ халықаралық «Ақ көгершін» балалар мен жастар шығармашылығының фестиваль-конкурсына қатыспақ.
Фестиваль талаптарына сай қатысуға ниет білдірген өнерлі өрендер ән орындаудағы дауыс мүмкіндігін дәлелдеу үшін арнайы студияда жазылған әндерін жолдау қажет болатын.
Аталмыш мектептің музыка пәні мұғалімі Мирболат Исмағұловтың жетекшілігімен дайындалған 5-сынып оқушылары Алтынай Тойлыбаева орындаған «Домбыра туралы баллада» әні мен Нұртас Ізмұқанбетов шырқаған «Дудар-ай» әні, 9-сынып оқушысы Аяжан Нуфтуллинаның орындауындағы «Анаға хат» әні ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағаланып, «Ақ көгершін» балалар қорының директоры Тамара Ескенованың шақыртуын алып отыр.