Зеленский Қауіпсіздік кеңесіне Ресеймен келіссөздерді жандандыруды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Украина президенті Владимир Зеленский Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің жаңадан тағайындалған хатшысы Рустем Умеровке Ресеймен Ыстанбұлдағы келіссөз процесін жандандыруды тапсырды, деп жазады ТАСС.

«Бүгін Рустем Умеровпен Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің және Жоғарғы Бас қолбасшы ставкасының жұмысын, сондай-ақ қорғаныс пен келіссөздер саласындағы жекелеген міндеттерді талқыладық. Келіссөздер бағытын жандандыру қажет. Қазіргі таңда Ыстанбұлдағы екінші кездесу шеңберіндегі уағдаластықтарды орындау жалғасып жатыр. Бұл процеске көбірек серпін керек», — деп жазды Зеленский Telegram-арнасында.
Бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова ресейлік делегацияның украин тарапымен үшінші келіссөз раундын өткізу үшін Ыстанбұлға баруға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Алайда, ол Украинадан жаңа келіссөздерге әзірлік жөнінде ешқандай белгі түспегенін атап өтті.
Сонымен бірге ол Киевтің бұрын қол жеткізілген уағдаластықтар бағытында әрекет етіп, келіссөз процесін жалғастыратынына үміт білдірді.
Айта кетейік, Ыстанбұлда өткен 26 мамыр мен 2 маусымдағы екі раунд қорытындысы бойынша Ресей мен Украина «мыңға мың» формуласымен әскери тұтқындарды алмасуға және ауыр науқас пен 25 жасқа дейінгі тұтқындарды «барлығына барлығын» қағидасымен қайтаруға келіскен болатын. Осы келісім аясында маусым айында Ресей тарапы Украинаға 6 060 қаза тапқан украин әскери қызметшісінің денесін, ал Украина Ресейге 78 жауынгердің денесін қайтарды.
17 шілде күні Ресей тағы 1 000 украин жауынгерінің денесін Киевке тапсырды, ал Украина 19 ресейлік сарбаздың денесін қайтарды.