Зеленский осы аптада АҚШ-қа маңызды сапармен баруы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық биліктің әкімшілік өкілдері украиналық шенеуніктермен Владимир Зеленскийдің осы аптада АҚШ-қа сапармен келу мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл туралы 23 қараша күні CBS News телеарнасы өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Оның мәліметінше, Зеленскийдің АҚШ-қа жаңа сапары Дональд Трамптың биыл 27 қарашада мерекеленетін Алғыс айту күніне дейін Украинадағы дағдарысты реттеу жөнінде келісім жасауға бағытталған әрекеттері аясында өтуі мүмкін.
Сонымен бірге телеарна дереккөздері бұл сапардың жүзеге асуы АҚШ пен Украина арасындағы Женевадағы келіссөздердің нәтижесіне байланысты болатынын атап өтті.
23 қараша күні Украина президенті әкімшілігінің басшысы Швейцарияда украин делегациясының еуропалық серіктестермен және америкалық делегациямен қақтығысты тоқтату жолдарын талқылау үшін кездесулері басталғанын мәлімдеді. Бұған дейін Reuters агенттігі аты-жөні аталмаған америкалық шенеунікке сілтеме жасап, Женевадағы келіссөздер барысында Вашингтон мен Киев өкілдері қақтығысты реттеудің америкалық жоспарының соңғы тұстарын келісуді көздеп отырғанын хабарлаған.
22 қараша күні Еуроодақ елдерінің көшбасшылары бұл жоспардың бірқатар тармақтарымен келіспейтіндерін және оны қайта пысықтау қажеттігін мәлімдеді.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-тың жаңа жоспары Ресейге қарсы санкцияларды алып тастауды да көздейді.
Айта кетсек, бұған дейін ЕО, Украина АҚШ-тың бейбітшілік жоспарын 23 қарашада талқылайтынын жазғанбыз.