Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Зейнетақы жинағын жеке басқаруға бергенде нені ескеру керек – Сүлейменовтің жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Қыркүйектен бастап қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағын толық көлемде жеке басқарушы компанияларға бере алады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұндай таңдау кезінде нені ескеру керегін айтты.

Тимур Сүлейменов
Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, жаңа ереже азаматтардың зейнетақы жинағын міндетті түрде жеке басқарушы компанияларға аударуы керек дегенді білдірмейді. Әр салымшы өзіне қолайлы нұсқаны өзі таңдайды.

— Біз бұл шешімді қолдаймыз, өйткені азаматтардың таңдауы болуы керек. Бұл барлық адам жинағын БЖЗҚ-дан алып, жеке компанияға беруі тиіс деген сөз емес. Шешімді әр салымшы өзі қабылдайды, — деді Тимур Сүлейменов.

Оның сөзінше, жинағын бұрынғыдай БЖЗҚ-да қалдыруды жөн көретіндер де, жеке басқарушы компанияны таңдауды қалайтындар да бар. Әсіресе, зейнетке шығуына әлі көп уақыт бар азаматтар инвестициялаудың белсендірек тәсілін таңдай алады.

— Қазір жеке басқарушы компаниялардың басқаруында жалпы зейнетақы активтерінің шамамен 0,5%-ы ғана бар. Уақыт өте келе олар тұрақты табыс көрсетіп, сенуге болатынын дәлелдесе, азаматтардың да қызығушылығы арта түсуі мүмкін, — деді спикер.

Сонымен қатар ол кез келген инвестициялық шешімнің тәуекелі болатынын ескертті.

— Басқарушы компанияны таңдамас бұрын оның жұмыс нәтижесі мен инвестициялық стратегиясын мұқият зерделеу қажет. Сондықтан басқарушы компанияның осы уақытқа дейінгі жұмыс нәтижесін, инвестициялық стратегиясын және уәделерін мұқият зерделеп барып шешім қабылдау қажет, — деді Тимур Сүлейменов.

Еске салайық, 2027 жылдан бастап зейнетақы жүйесінде бірқатар өзгеріс енгізілетінін жазған едік.