Зейнетақы жүйесіндегі реформалар нәтиже бере ме
Биыл елдегі зейнетақы жүйесінде бірқатар өзгеріс орын алды. Оның ішінде жаңа жарна енгізу, зейнетақы төлемін ұлғайту секілді жағымды жаңалық бар. Десе де сарапшылар мұндай мемлекеттік жобалар салаға оң әсер ететініне күдікпен қарайды. Себебі бүгінгі бағдарда болашақтағы ықтимал келеңсіз фактор ескерілмей отыр: инфляция деңгейі; БЗЖҚ-ның инвестициялық кірісі; зейнатақы қорындағы қаржыны мерзімінен бұрын алу. Осы орайда «Зейнетақы қорын дамытудың жолы қайсы?», «Жүйелі реформаға не кедергі?» деген сауал туындайды. Kazinform тілшісі тақырыпты қаузады.
Жаңа төлем – 1,5%
2025–2027 жылдарға арналған бюджет жобасында халықтың осал тобын қолдауға, зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге бағытталған жоспар нақтыланды. Онда межеге сүйенсек, 2027 жылы орташа зейнетақы көлемі 110 185 теңгеден асады, ең төменгі базалық зейнетақы 55 145 теңге болмақ. Үкімет аталған деңгейге жету үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының табысы мен квазимемлеттік мекемеге түсетін табысты жүйелеуге мүдделі. Себебі зейнетақы қорындағы қаржы тапшы болса, салмақ мемлекетке түсіп, реформаның тиімділігі туралы сөз қозғау да орынсыз болар еді.
Биыл осы мақсатта зейнетақы жүйесіне жаңа төлем қосылды. Ол – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ). Жаңа қағидаға сәйкес, енді әрбір жұмыс беруші БЖЗҚ-ға қызметкердің табысынан ұсталатын міндетті 10%-дық жарнадан бөлек, өз қаражаты есебінен қосымша жарна аударуға міндетті. Яғни, жарналарды төлеу компанияның өз қаражатынан жүзеге асырылады деген сөз. Дегенмен төлем мөлшері қызметкердің табысына қарай есептелетінін ұмытпау керек. Кейін жұмысшы зейнетке шыққанда аталған жарнадан зейнетақыға үстеме қосылып, өмір бойы төлем төленеді. Зейнетақы қоры мамандарының түсіндіруінше, зейнетке шыққан азаматтар ЖМЗЖ төлемін тек 2029 жылдан ала бастайды. Өйткені талап бойынша жұмыс берушілер кем дегенде 60 ай жарна аударуы шарт екен.
Қазіргі таңда төлем мөлшері – қызметкер жалақысының 1,5 пайызы. Алдағы уақытта пайыздық үлес кезең-кезеңмен ұлғайтылмақ:
· 2025 жылы – 2,5%;
· 2026 жылы – 3,5%;
· 2027 жылы – 4,5%;
· 2028 жылы – 5%.
Айта кетейік, Қазақстандағы зейнетақы жүйесі көп деңгейлі: алғашқы деңгей – базалық және ортақ зейнетақы, екінші деңгей – жұмыскердің міндеті және кәсіптік жарнасы мен зиянды және қауіпті өндірісте жұмыс істейтін жұмыскерлер табысынан түсетін үлес, үшінші деңгей – жеке және корпоративтік ерікті зейнетақы жарналары. Демек аталған реформа екінші деңгейге қатысты өзгеріс саналады.
Жүйені жаңартуға бағытталған өзге қадамды «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның басқарушы директоры Мұрат Шәріповтен білген болатынбыз.

– Жыл басынан бері жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) төлене бастады. ЖМЗЖ мөлшері қызметкердің айлық табысының көлеміне байланысты және оны жұмыс беруші өз есебінен аударады. Осы ретте жарна біртіндеп ұлғайтылады. Бұл шара 1975 жылдан кейін туған, зейнетақы мөлшері зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болатын қазақстандықтарды қолдауға бағытталған.
Тағы бір бастама зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға арнаулы әлеуметтік төлемдер арқылы жүзеге асты. Арнаулы әлеуметтік төлем 55 жасқа толған, оның пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы кемінде 84 ай төленген және зиянды жұмыстан босаған, басқа жеңіл жұмыс түріне көшкен қазақстандықтарға арналған, – деді Мұрат Тұрсынұлы.
«4+1» моделі қолдау таба ма?
Осы орайда зейнетақы салымшыларының әлеуметтік портретіне мән берген жөн. Мұны айтудағы себеп, 2 миллионға жуық қазақстандықтың жалақысы 85 мың теңге шамасында. Сондағы зейнетақы қорына түсетін пайыздық үлес – 10%, бұл зейнет жасына қам жасауға жол ашатын мөлшер емес. Оның үстіне алғашқы төлемнен 10% салық алынады. Осы мәселе салдарынан қоғамда зейнетақы реформасын талап етуші көбейген.
Үкімет, құзырлы министрлік олқылықтан шығар жолды қарастыруда. Сарапшылар да балама жол ұсынып әлек. Мысалы, бір топ экономист зейнетақы жүйесін тиімді жүйелеу үшін «4+1» моделін енгізу дұрыс деп отыр. Ондағы концепцияны назарға алсақ, зейнеткердің шартты шотта жеке сақталатын ЖМЗЖ-ні бөлек ұстамай, оның басым бөлігін салымшының жеке шотына көшіру айтылған. Бұл әдіс қолдау тапса, жарна салымшының меншігінде болып, зейнетақы жинағының мөлшерін арттыруға мүмкіндік болады деген пікір бар.
Жалпы «4+1» үлгісінің нақты сандық есебінде ЖМЗЖ-ның 4%-ы жұмысшының жеке зейнетақы шотына бағытталуы қажет. Қалған 1%-ын өмір бойы төленетін кепілдендіретін арнайы шотқа жіберуді көздейді. 2028 жылғы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы жалақының 5 пайызын құрайтынын ескерсек, бұл – ақылға қонымды ұсыныс. Ескеретін жайт, «4+1» моделі ресми орган тарапынан әлі қолдау тапқан жоқ.
Өзге сарапшылар реформаның өзге тәсілін ұсынады. Мысалы экономист Әнуар Нұртазиннің пікірінше, ерте зейнетке шығатын мамандарға арналған салық немесе зейнетақы төлемін жүйелеу қажет.

– Қазақстандағы зейнетақы Чили жүйесіне сүйенеді. Бұл тәсіл үмітті ақтамады. Үкімет кемшілікті байқап, қосымша міндетті төлем қосып жатыр. Бұл орайда ерте зейнетке шығатын құқық қорғау органы мамандары мен әскери қызметшілерге арнайы төлем енгізу мәселенің шешімі болуы ықтимал. Аталған азаматтар зейнетке шыққасын да міндетті төлем жасау тетігін қарастырған жөн, — деді Әнуар Нұртазин.
Қосымша жарна: екіұшты қадам
Кейінгі жылдары зейнетке шығуға дайындықтың жаңа экономикалық тенденциясы пайда болғандай. Себебі кей азамат зейнетке шығар алдында жеке кәсіпкерлік немесе компания арқылы қосымша аударым жасап, сол бойынша болашақ зейнетақы төлемін көбейтуге тырысуда. Төленген жарна қаншалықты көп болса, келешек зейнетақы да қомақты болмақ.
Әзірге аталған салық схемасының қаншалықты құқық шеңберіне сыятыны төңірегінде дау көп. Заңгерлер еңбек шартының орындалуы жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара келісімге негізделетінін айтады. Мекемедегі ішкі жұмыс тәртібі мен еңбек бөлінісіне мемлекет араласа алмайды. Ал араласа алмайды екен, демек азаматтардың шынымен көрсетілген жұмыс орнында еңбек ететін тексеру де мүмкін емес. Бастысы, есеп пен құжат түзу шықса болғаны.
Мұны жауапты орган да растап отыр. Салық маманы Гүлсара Қарымсақованың айтуынша, бұл тұрғыда жұмыс беруші тапсыратын салық декларациясы ғана мониторинг қызметін атқара алады.
– Бәрі заң аясында жүзеге асуы қажет. Мысалы, жұмыс беруші жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларация (200.00-нысан – ред.) тапсыратынын білеміз. Осы құқықтық құжатта қызметкерлер туралы толық мәлімет беру міндетті. Яғни, «мекеме немесе жеке кәсіпкерлікте қанша қызметкер бар?», «әрбірінің жалақы мөлшері қанша?», «аударылған табыс салығының көлемі қандай?» деген секілді сауалдарға жауап болады. Сол арқылы мәлімет нақтыланады. Айта кетерлігі, азаматтар қанша жерде жұмыс істесе, сонша табыс салығын төлеуі керек. Бұл – заңнамада көрсетілген талап, – деді маман.

Мәселеге қатысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің пікірін білдік. Министрлік зейнетақы тағайындау кезінде салық органдарының базасындағы мәлімет есепке алынатынын айтқан.
– Зейнетақы төлемін тағайындау үшін құжаттарды қабылдау кезінде тиісті ақпараттық жүйелерге сүйенеміз. Сондай-ақ мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелеріне сұрау жіберіледі. Сұрау салу Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №232 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Кейін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мен жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу туралы шешім жүзеге асады, – делінген министрліктің ресми жауабында.
Айта кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де, Мемлекеттік кірістер комитеті де зейнетақы жарнасын төлеуші азаматтардың көрсетілген жұмыс орнында еңбек ететінін тексеретін тетік қарастырылмағанын мәлімдеді. Ресми жауапта қос мемлекеттік орган бұл құзыретті бір-біріне сілтеген.
Кей салымшыны мұндай қадамға итермелейтін тек қосымша қаржы алу мүмкіндігі емес. Мемлекет кепіліне деген сенім де себеп секілді. Қазақстанда міндетті зейнетақы жарнасы бірегей кепілдікпен қорғалатынын ұмытпаған жөн. Қарапайым тілмен айтсақ, зейнетақы тағайындау кезінде жарна салған әр кезеңдегі инфляция деңгейі қаперге алынады. Сол бойынша нарыққа сай әділ төлем жүзеге асады.
Инвестиция иірімі мен халық қалауы
Зейнетақы жүйесі тиімді нәтиже көрсетуі үшін кіріс көзін ұлғайту қажет-ақ. Бұл тұрғыда сарапшылар зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін алу және БЖЗҚ-ның инвестициялық бағдарына қатысты мемлекет саясатын қайта қарау маңызды санайды. Себебі инвестиция бағытының оңтайсыз позициясы табысты төмендетсе, азаматтардың қордағы қаржының бір бөлігін алуы нәтижелі жоспар құруға кедергі келтіруде.
Мәселен, қазақстандықтар жыл басынан бері зейнетақы қорына жиналған 370 млрд теңгеден астам қаржысын пайдаланған. Биыл осы мақсатта 2 миллионға жуық өтінім берілді. Олардың арасында Алматы (466 353), Астана (452 901) қалалары мен Маңғыстау (213 341), Қарағанды (180 360), Атырау (144 645), Ақтөбе (141 916) облысының тұрғындары басым. Салымшылар ақшаны «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Отбасы банк» АҚ, «Altyn Bank» АО, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Банк Фридом финанс Казахстан» АҚ секілді қаржы ұйымдары арқылы алуға тырысыпты.
«2021 жылы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа пайдалануға рұқсат берілді. Сол уақыттан бері БЖЗҚ тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін және емделу ақысын төлеуге арналған 2,3 млн астам өтінішті орындады. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға уәкілетті оператор-банктерге 3,6 трлн теңгеден аса қаржы аударылды. Сондай-ақ емделуге ақы төлеу үшін 580 450 өтініш орындалды», – деді Мұрат Шәріпов.
Қазір БЗЖҚ-дағы зейнетақы активі 21 трлн теңгеден асты, 9 ай ішінде 3,3 трлн теңге қосылды. Бұл аз сома емес әрі оны бір орында ұстап тұру орынсыз. Сондықтан зейнетақы қоры әлемдік тәжірибеге сай қаражатты инвестицияға бағыттайды. БЖЗҚ ресми мәліметіне сүйенсек, бүгінде зейнетақы активі түрлі секторға инвестиция есебінде құйылған:
- ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 42,29%;
- Квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 9,31%;
- Шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары – 4,25%;
- Екінші деңгейдегі банк облигациялары – 4,56%;
- РЕПО операциялары – 1,91%;
- ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 1,80%;
- Микроқаржы ұйымдары – 1,66%;
* Ұлттық валютадағы инвестициялар – 60,79%;
* АҚШ долларымен – зейнетақы активтері портфелінің 39,20% құрайды.
Нәтижесінде биыл БЖЗҚ инвестициядан 2,12 трлн теңге табыс тапты. Оның ішінде сыртқы басқарудағы активтерден – 620,16 млрд теңге, шетел валютасын қайта бағалаудан – 227,98 млрд теңге, бағалы қағаздан 98,86 млрд теңге кіріс түскен-ді.

Дегенмен бұл кірістен жеке сектор секілді мемлекет те керегін алып, экономикаға пайдаланып жатыр. Әрине, тікелей бөліп жатқан жоқ, бірақ стратегиялық жоспар арқылы ықпал етіп келеді. Мысалы, «Halyk Finance» басқарма төрағасының кеңесшісі, экономист Мұрат Темірханов Ұлттық банк зейнетақы активін банктерге беру арқылы ақша-несие саясатын тұрақтандыруды әдетке айналдырғанын айтып отыр.
Бұл орынды уәж секілді. Есте болса, зейнетақы қоры 2008-2009, 2015-2016 жылдары банктерді дағдарыстан «құтқару» үшін қаржы жұмсағанын білеміз. Ұлттық банк инфляциямен күрес кезінде ауық-ауық зейнетақы қорына арқа сүйейтіні тағы бар. Мысалы, БЖЗҚ-ның ресми мәліметіне сүйенсек, зейнетақы активінің белгілі бір бөлігі қаржы ұйымдарына сенімгерлік басқаруға берілген. «Jusan Invest» АҚ – 9,8 млрд теңге, «Halyk Global Markets» АҚ – 4,4 млрд теңге, «BCC Invest» АҚ – 5,2 млрд теңге, «Сентрас Секьюритиз» АҚ – 1,6 млрд теңге, «Halyk Finance» АҚ – 38,7 млрд теңге алып отыр. Сондықтан экономистер инвестицияның басым бөлігін банктерге емес, инновациялық жобалар мен табысты шетелдік компанияларға салуға кеңес беруде.
Зейнетақы жүйесінде реформа бары рас, алайда оның нәтижесі әлі жетілдіруді талап ететінін көрсетті. Сарапшылардың зерттеуінен әзірге бірнеше ықтимал шешімнің шеті шыққан. Ол – жаңа төлем жүйесін әзірлеу, зейнетақы қорындағы қаржының бөлігін алуды тежеу, инвестицияны әртараптандыру. Ал бұл ұсыныстың қашан қолдау табары белгісіз.