Зейнетақы жүйесі әкелетін өзгерістер

Ашық жеке зейнетақы шоттарының саны - 9,7 млн. бірлікке жетіп, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жарналары 26,3 млрд. теңгені құрады. 4,6 мыңнан астам жұмыс беруші міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударды.
Ал енді зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасы аясында мынадай шаруалар атқарылады деп күтілуде. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуетті құрылымдар қызметкерлерін зейнетақымен қамту жүйесі реформаланады. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгереді. Ал, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің қаражаты есебінен қосымша 5 %-дық зейнетақы жарналары енгізілмек.
2017 жылдың шілде айынан бастап зейнетақы мөлшері жинақтаушы жүйеге қатысу өтіліне байланысты анықталады. Мәселен, жалпы еңбек өтілі 10 жыл және одан кем болса, базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс деңгейі көлемінің 50 пайызына тең болады. Ал еңбек өтілі 10 жылдан көп болған жағдайда, әрбір толық жыл үшін базалық зейнетақы 2 пайызға өсіп отырады. Сөйтіп, базалық зейнетақы мөлшері 20 жылда - 70 пайыз, 35 жылда - 100 пайыз күнкөріс деңгейіне теңестіріледі.
Осыған орай, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Атап айтсақ, ол - Салық Кодексі, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» және «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының заңдары.
Сол өзгерістер нәтижесінде азаматтардың зейнетақы төлемдері мынадай бөліктерден тұратын болады:
зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын базалық зейнетақы төлемі;
1998 жылғы 1 қаңтарға кемінде алты ай еңбек өтілі бар адамдарға Орталықтан төленетін зейнетақы төлемі;
БЖЗҚ-дан: - қызметкердің жеке 10 % зейнетақы жарналары; - жұмыс берушінің қосымша 5 %-дық зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері; - ерікті зейнетақы жинақтары.
Жаңа жүйе жайлы азаматтардың пікірі әрқилы. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Данияр Ақышевтің пікірінше, мемлекет базалық зейнетақыны еңбек өтіліне және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты төлейтін болады. «Осылайша, 2017 жылдың ортасынан бастап базалық зейнетақы тағайындалғанда «теңестіруден» шығу жоспарланып отыр. Жаңа модель бір жағынан кедейліктің алдын алатын, екінші жағынан елдің қаржы-экономикалық мүмкіндіктерінен тәуелді болатын жаңа ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қалыптастыруды көздейді. Ең төменгі әлеуметтік стандарттар әрбір азаматтың өз қабілетін іске асыруы үшін бірдей жағдайлар жасаудың кепілі болуы керек, масылдық көңіл-күйді ынталандырмау керек, әрбір адам жеке өз күш-жігерін жұмсауы керек. Әлеуметтік қамсыздандырудың және әлеуметтік қолдаудың әлеуметтік идеологиясын өзгерту міндеті тұр», - дейді Д.Ақышев.
Ал, «Делойт» компаниясының менеджері Н.Корольков әр қызметкерге 5 пайыздық жарна төлеуге кей бизнес нысандары дайын емес деген ойда. «Тұжырымдама өте маңызды бірнеше өзгеріс әкеледі. Оған оптимистік көзқараста қараған абзал. Тұжырымдама негіздерін енгізу - мұндағы ең маңызды фактор болмақ. Құрылымдық өзгерістерді енгізу және жүйені қайта құруға біршама көп уақыт жұмсалуы ғажап емес. Сондықтан, зейнетке шыққан және жуық арада шығатын адамдар өз күштері мен жиған қаржыларына көбірек сенгендері жөн», - дейді менеджер.
Жанат Қапалбаева